©
Жаңа кодекс аясында Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының аппараты алғаш рет ұжымдық шартқа қол қойды. Ұжымдық шарт-қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау, олардың еңбек және әлеуметтік кепілдіктерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында жасалды.
Сонымен қатар, ұжымдық шарт облыстық кәсіподақтар орталығының аппараты жұмысының тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің тұрмыс деңгейін көтеруге, ҚР жаңа еңбек кодексінің нормаларын, басқа да нормативтік құқықтық актілерді орындауға бағытталған. Қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық қорғанысын қамтамасыз ететін басты құжатта екі тараптың да өзара қарым-қатынастары нақты көрсетілген.
-Балалары бірінші сыныпта оқитын және мектеп бітіретін ата-аналарға мерекелік шараларға барып қатысуға белгіленген уақыт беріледі, қызметкерлер бұрынғыдай арыз жазып, жұмыстан сұранбайтын болады. Некеге тұруына байланысты қысқа мерзімді демалыс қарастырылады және 50 АЕК көлемінде қаржы, нәрестелі болған қызметкерлерімізге 25 АЕК көлемінде қаржы, зейнеткерлікке шығатын қызметкерлерге бір реттік ақшалай көмек көрсетіледі. Ұжымдық шартта жақын туысы қайтыс болған жағдайда да материалдық көмек көрсетіп, 40 АЕК көлемінде қаржы беріліп, жұмыстан босату қарастырылған. Сондай-ақ, демалыс және мереке күндерінде жұмыс жасаған қызметкерлерге екі есе көлемінде ақы төленеді. Бұл әрине қызметкерлеріміздің жұмыс жасауға ынтасын арттырады және қызметкерлерімізді қуантып отыр,-деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, қызметкерлердің құқықтарымен қатар, белгілі бір міндеттемелері де бар екендігін айтты. Бұл, өзінің тікелей қызметтік функцияларын дұрыстап атқарып, еңбек тәртібін сақтаумен қатар, қызметкерлер өздерінің шеберліктерін үнемі шыңдап, уақыт талабына сай жұмыс жасай білуі керек.
Венера МИРЛАН