Маңғыстау гуманитарлы-техникалық университеті зор қуанышқа бөленді. Білім биігіне өрмелеген студенттері Алматы қаласында өткен пәндік олимпиададан олжалы оралды.
Гуманитарлық пен техникалық мамандықтарды ұштастыра білген университет ашылғанына небәрі 5 жыл өтсе де, оқу үдерісі жолға қойылған, білім саласында жарқын жетістіктермен, ғылыми табыстармен мақтана алатын озық оқу орны. Студенттері білім додаларында жеңіс тұғырынан көрініп, университеттің мерейін асқақтатып келеді. Оған жақында өткен білім сайысындағы жүлделер де дәлел. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі мұрындық болуымен жыл сайын арнайы пәндік олимпиада өткізіліп отырады. Биыл да мұнай және газ саласы бойынша олимпиаданың ІІ туры Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде өтті. Оған Маңғыстау гуманитарлы-техникалық университеттің «Геология және пайдалы қазба кен орындарын барлау» мамандығының 4-курс студенті Қ.Шаймырза және «Мұнай-газ ісі» мамандығының 2-курс студенті Н.Генжебаев іріктеліп жіберілді. Білім мен тәжірибе сынға түскен олимпиадада республиканың барлық өңірінің 21 университетінен 35 студент қатысты. Нәтижесінде, Маңғыстау университетінің абыройын көтеріп, Шаймырза Қазбек жүлделі ІІ-орынды иеленді. Ал университет тобы Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігінің дипломымен марапатталды.