©
Облыс әкімдігінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясының отырысы болып өтті. Күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2015 жылдың 10 желтоқсанындағы «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, түрлі салаларда еңбек етіп, тер төккен бірқатар азаматтарды Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау және облыстық тексеру комиссиясының жаңа төрағасын бекіту мәселелері қаралды.
Қала, аудан әкімдері, мемлекеттік мекемелер басшылары мен 22 облыстық мәслихат депутатының 19-ы қатысқан сессияның отырысында жоғарыдағы мәселелер бойынша бірауыздан шешім қабылданды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұқанбетованың айтуынша, жыл басында облыстық бюджет 162 млрд.теңге болып бекігенімен, қазына қоры 188 млрд.теңгеге көбейген. Ондағы даму трансферттері 14 млрд. теңгені құраса, жергілікті бюджеттің көлемі 131 млрд.теңге. Қазына қаржысының бір бөлігі «Ана мен бала» орталығы, онкологиялық аурулар орталығы, Әбіш Кекілбаев атындағы кешен құрылыстары мен қалаішілік және ауыларалық көлік жолдарын жөндеуге жұмсалатын болады. Халық қалаулылары бірқатар маңғыстаулықтарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттауға бірден келісті. Келесі облысымыз бойынша тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшесін қызметтен босату мәселесінде де ауызбіршілікпен бір шешімге келді. Ал, Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының жаңа төрағасы болып Мұрат Ишанқұлов, мүшесі болып Самат Ерғазиев сайланды.
- Өз қызметімді нәтижелі де адал атқаруға уәде беремін. Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын деп ойлаймын,-деді М.Ишанқұлов.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ