Елбасы Н.Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» ел мен қоғамды дамытудың басты басымдықтары айқындалған. Ұлт жоспарының кіріспесінде «100 нақты қадам»- бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары екені атап көрсетілген.
«100 нақты қадам» елімізге «2050 стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Құжатта заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған реформа қадамдарында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін, сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу, сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу, сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту туралы міндеттер қойылған. Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27- қадамында жеке сот орындаушыларының институтын нығайту арқылы сот актiлерiн орындау саласын дамыту қарастырылған. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 138-бабында мемлекеттiк және жеке сот орындаушылары қабылдайтын атқарушылық құжаттардың түрлерi бойынша олардың құзыреттiлiктерi нақты белгiленген. Атап айтқанда, мемлекеттiк және жеке сот орындаушыларының атқарушылық құжаттары бойынша биылдан бастап жеке және заңды тұлғалардың пайдасына, сондай-ақ мың айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сомаларды мемлекеттiң пайдасына өндiрiп алу жеке сот орындау саласының айрықша уәкiлеттiгiне берілді.
Енді мемлекеттiк сот орындаушыларының өндiрiсiне тек төменде көрсетiлген құжаттар қабылданатын болады: – мемлекеттен өндiрiп алу; –мемлекеттен немесе дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызын мемлекетке және онымен үлестес заңды тұлғаларға тиесiлi заңды тұлғалардан өндiрiп алу; – табиғи монополия субъектiлерiнен немесе тауар және қызмет нарығындағы үстем жағдайда болатын субъектiлерден өндiрiп алу; – мың айлық есептiк көрсеткiштен асатын сомаларды мемлекет пайдасына өндiрiп алу; – мүлiктi тәркiлеу немесе мүлiктi мемлекетке тапсыру; – мемлекеттiң мүддесi үшiн үйден шығару, үйге кiргiзу, құрылыстарды бұзу, алу туралы атқарушылық құжаттар.
Аталмыш заңда жеке немесе заңды тұлғалардың, мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылу қаупi туындаған жағдайда прокурор жеке сот орындаушының өндiрiсiндегi кез келген атқарушылық құжатты алып, мемлекеттiк сот орындаушыға тапсыру құқығы бекітілген. Осылайша 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарушылық құжаттардың басым бөлiгi жеке сот орындаушыларына берiлуде. Мысалы, алименттердi, ақша сомаларын, үйге кiргiзу, үйден шығару, жайды бұзу туралы атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату тек жеке сот орындаушыларына ұсынылады.
Атқарушылық құжатты орындау үшiн сот орындаушыға ұсыну құқығы өндiрiп алушыға тиесiлi және заңда атқару құжаттарын ұсыну мерзiмi көзделген. Мәселен, сот актiлерi негiзiнде жазылған атқару парақтары олар берiлген күннен бастап үш жыл iшiнде сот орындаушыға берiлуi мүмкiн. Ал, жеке сот орындаушыларының қызметiне ақы төлеу өзiн-өзi қаржыландыру негiзiнде iске асырылады. Яғни оның iс-әрекеттерiне ақы борышкерден талап етiлетiн қаражат есебiнен жүргiзiлетiнi туралы заңнамада белгiленген. Сонымен қатар, жеке сот орындаушы атқару құжатын орындауға қабылдайтын кезiнде өндiрiп алушымен шығындардың алғытөлемiн төлеу туралы келiсiмшартты жасайды. Кейiннен төленген алғы төлемнiң сомалары борышкерден өндiрiлген қаражатынан ұсталады. Ақы төлеудiң мөлшерi ҚР Үкiметiнiң 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 Қаулысымен бекiтiлген.
Алайда, жаңа заң нормаларында кейбiр азаматтарға аталған тәртiппен төлем талап етiлмейтiн жеңiлдiктер қарастырылған. Нақты айтсақ, алименттер бойынша атқарушылық құжаттарды ұсынатын өндiрiп алушылардан жеке сот орындаушылардың қызметiне алғытөлемдердi талап етуге тыйым салынған. Алименттердi өндiру туралы құжаттар әлеуметтiк маңызы бар iстер санатына жатқызылып, бұл түрдегi iс жүргiзулер бойынша борышкерлердiң кiрiстерi және атына тiркелген мүлiктерi болмаған жағдайда жеке сот орындаушылардың қызметiне ақы төлеу республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледі.
Жалпы енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар жеке сот орындаушылар саласының әрi қарай дамуына, сондай-ақ, сот орындаушының мәртебесiн арттыруға бағытталып отыр. Осы заң саласындағы жаңалықтар атқарушылық өндiрiс саласын жаңа деңгейге көтеруге негiз қалап, заңдылықтың сақталуын, құқықтар мен заңды мүдделердiң iске асырылуын күшейтуге оң септiгiн тигiзетіні анық.
Тілектес ҚАНБАЕВА, «Маңғыстау аумақтық бөлімі» филиалының басшысы.