Мен жастарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Өткен аптаның дүйсенбісінде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өндірістік өрлеуді бетке алған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компанияларындағы жұмысшы мамандықтар арасында алғаш рет «Үздік маман-2016» кәсіби конкурсы басталған-ды. Екпінді еңбек тынысын толастатпай, өндірістің қазанын бұрқ-сарқ қайнатып жүрген мұнайшылар жұмыстан бір сәт сергіп, сайысқа түскен болатын. Елімізде экономика секторының ірі салаларын қамтитын алпауыт кәсіпорынның үлкен өндіріс мектебінен өтіп, мұнай өнеркәсібінің қыр-сырын меңгерген мамандардың сайысы өз мәресіне жетті.
Абай атындағы мәдени- демалыс кешенінде өткен сайыстың салтанатты жабылуы құттықтау лебіздер мен құрмет- қошеметке толы болды. Еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалып, мерейлі сәтті асқақтата түсті. Кең залға жиналған жұртшылық назарына төрт күнге созылған кәсіби конкурстың салтанатты ашылуын, мамандардың білімі мен білігін сарапқа салатын теориялық сынақтың өту барысын, тәжірибелік кезеңдегі тапсырмаларды орындау сәттерінен бейнеүзік ұсынылды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорындарында, атап айтсақ «Маңғыстаумұнайгаз», «ҚазТрансОйл» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Ойл сервис компани», «Ойл транспорт корпорейшн» ЖШС – ның өндірістік аумақтарында өткен сайысқа 20 мамандық бойынша 126 жұмысшы қатысты. Мәселен, Қаламқас, Жетібай кен орындарында өткен жарыста жаңа технологияны жатсынбай, озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің тетігін тауып, еңбек көрігін қыздыра білген мұнайшылар теориялық сынақта компьютер арқылы тест сұрақтарына жауап берді. Екінші кезеңде ыл ырыздығын еселеп жүрген еңбеккерлер біліктілік қабілеттері мен шеберліктерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Осылайша, білімі мен білігін сарапқа салып, ұжымының жауапкершілік жүгін арқалап келген мұнайшылардың мерейлі сәті де келіп жетті.
Салтанатты жиында «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов, мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасы Сұлтан Қалиев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев мыңнан тұлпар, жүзден шүйрік шыққан үздік химиялық талдау зертханашысы, электргазбен дәнекерлеуші, токарь, сорап машинисі, қабат қысымын ұстау операторы, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасы, ұңғымаларды зерттеу операторы, мұнай және газ өндіру операторы, бұрғылау бригадасы, цементтеу агрегатының моторист-машинисі, компрессорлық техника машинисі, жерасты ұңғымаларын жөндеу бригадасы, техникалық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету операторы арнайы медальмен, дипломмен, 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Марапат сәтінде 2, 3- орындарды иеленген жүлдегерлерге де арнайы диплом мен гүл шоқтары, сертификат табысталды.
– Мен «Ойл транспорт корпорейшн» ЖШС-да 20 жылдан бері цемент агрегатының моторисі болып жұмыс жасаймын. Бүгін талай жылғы еңбегімнің жемісін көрсетіп, мамандардың арасынан үздік шығып, қуаныш үстінде тұрмын. Кәсіби шеберлігімізді шыңдаған, тәжірибе жинаған сайысқа 1 ай дайындалдым. Жарыста қиын да қызықты сәттер көп болды. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын!, – деді цемент агрегатының үздік моторисі атанған Қанат Сарыбаев.
Еңбек озаттарын «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов құттықтады.
–Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында тұңғыш рет «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорындары арасында өткізілген байқаудың алғашқы кезеңіне 36 мамандық бойынша 3000 мыңнан аса жұмысшы қатысты. Кең ауқымды қамтыған шара біздің бір мүддеге, бір мақсатқа жұмылған ұжым екенімізді дәлелдей түсті. Еншілес компаниялардың атауы, жұмыс киімдері әртүрлі болғанымен, бізді «ҚазМұнайГаз» ұжымы деп біледі, қабылдайды. «ҚазМұнайГаз» – экономикамыздың омыртқасы десек артық болмас. 90 мың жұмысшысы бар алпауыт компания елімізде өндірілетін мұнайдың 30 пайызын шығарып отыр. «Қара алтын» тасымалдап, еліміздің түкпір- түкпірінде ауыл тұрғындарын газбен қамтамасыз етумен қатар мұнай өңдеумен және сервистік қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорынның қалыптасуына еңбек адамдарының қосқан үлесі өлшеусіз. Мықты жұмысшылардың ішінен іріктелген 90 үздік маман топ жарып шықты. Барша жеңімпаздарды құттықтаймын. Осы кәсіби конкурстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға зор алғысымды білдіремін, – деді ол.
Әсем әнмен, жұпар жырмен өрнектелген мерейлі кеште жан-жақтан келген мұнайшылар өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй құшағында думандатты. Өнерпаз мамандардың орындауындағы ән мен күй көпшіліктің көңілін көкке өрлетті.
–Мен 2011 жылдан бері «ҚазТрансОйл» АҚ батыс филиалында химиялық зертханашы болып жасаймын. Осы жылдар ішінде білімім мен біліктілігімді арттырып қана қоймай, ұжымда өткен сайыстарға белсене қатыстым. Каспий теңізінің жағасындағы Ақтау қаласына келіп, кәсіби деңгейімізді көрсететін сайысқа қатысқаныма қуаныштымын. Ұзақ уақыт дайындалғандықтан, байқау мен үшін аса қиын болмады. Мықты мамандардың ішінен үздік шығып, ұжымымның мерейін өсірдім. Жаңа әріптестермен таныстырып, таным көкжиегімді кеңейткен сайыс келесі жылы да ұйымдастырылады деген сенімдемін, – деді үздік химиялық зертханашы Зинаида Дәулетова.
Кәсіби конкурста жемісті жетістікке жетіп, «Үздік бұрғылау бригадасы» аталымы бойынша марапатталған Оразғали Жақаев, Рашид Ерсұлтанов, Мереке Асаев, Ақылбек Жалғасбаев, Аман Нұрғалиев, Еркінбек Тұрбергенов бұл кәсіпті жүрек қалауларымен таңдағандарын айтады. Жетібай кен орнына сервистік қызмет көрсететін «Ойл сервис компани» ЖШС бұрғышылары мұнайшы деген мәртебелі мамандықтың биігінен көріне білді.
Осылайша, ел экономикасының еңсе тіктеуі жолында талмай қызмет етіп жүрген мұнайшылардың арасында жылдың үздік мамандарын анықтаған байқауда еңбек адамдары ыстық ықыласқа, шадыман шаттыққа бөленді. Отандық өндіріске өң берген «ҚазМұнайГаз» АҚ еңбеккерлердің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын кәсіби конкурсты келесі жылы да ұйымдастырмақ.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН