Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі
Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай халықаралық өнер фестивалі болып өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінде келген қандастарымыз поэзия, бейнелеу өнері және жыр-терме жанры бойынша өнерлерін паш еткен фестивальдің мақсаты – шетелде тұратын отандастармен мәдени және рухани, сондай-ақ, білім саласындағы байланысты дамыту және олардың ұлттық әлеуетін арттыру. Шараға өңірімізден «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысып, шет ел асып күн кешкен қандастармен мәдени және рухани қарым-қатынас орнату мақсатында қазақ диаспоралары басшыларымен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, игі шараны дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен өзара ынтамақтастық және әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған фестивальға әлемнің 20 елінен 60-тан астам қазақ ұлтының өкілдері келді. Сондай-ақ, шараға ҚР Президенті әкімшілігі, мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері, депутаттар мен еліміздің барлық өңірлерінен оралмандар, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Халықаралық өнер думаны аясында «Алматы- тәуелсіздіктің алтын бесігі» тақырыбында жыр мүшәйрасы, термешілер сайысы және сурет көрмесі өткізілді. Халқымыздың сан ғасырлық аңсаған арманы болған Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау ең бір ұлы мереке деуге лайық. Бұл – тек қазақстандықтардың ғана тойы емес, қазақ ұлтымен тағдырлас шетелдегі қандастарымыздың мәртебелі мерекесі.
Тәуелсіздігіміз мәңгі баянды болғай! Тәуелсіздігіміз нығайып, ел іргесінің берік бола түсуінің арқасында сырттағы қазақтармен арадағы барыс-келіс қазір жақсы жолға қойылды. Егемендік алғаннан бергі жылдарда бір миллионға жуық қандастарымыздың елге біржолата қоныс аударғанын, бүгінде олардың табиғи өсімін қоса есептегенде, бір жарым миллионға жеткенін әрдайым мақтанышпен айтамыз. Шетелдерден елге оралғандардың саны арта түскей деп тілейміз. Кең байтақ еліміздің экономикалық әлеуеті арта түссе, ондай күндерге әлі-ақ жетуге тиіспіз! Өнер мерекелері көп болсын! «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» фестивалі ұлттық өнерімізді шекара бөле алмайтынын, қазақ өнері біртұтас екендігін дәлелдей түседі,- деді «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев. Фестивальге қатысуға 300-ден астам қандасымыз өтініш берген. Олардың 50-і ғана іріктеуден өтіп, қазақ жерінде өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Шара «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» тақырыбында сурет көрмесімен ашылды. Әлемнің әр түрлі елдерінде өмір сүретін қылқалам шеберлері атажұрт пен қазақ ұлтына деген сағынышын ақ қағазға салған. Мәртебелі мерекеге деген ыстық ықыласын суретке түсірген. Қазақ жерінде өтетін мұндай шараларға зор қуанышпен асыға жетеміз дейді олар.
«Кемедегінің жаны бір» дегендей, қазақ жері, қазақ өнері үшін жанымды беруге дайынмын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құтты болғай! Шабандоз суретші бауырларымның шығармашылығына сәттілік тілеймін. Қазақ мәдениетін, кескіндеме өнерін биік деңгейге көтере берейік!-дейді Қытай елінен келген жас суретші О. Қабыке. Әділқазылар алқасының шешімімен суретшілер сайысында Үйсін Тұрсынбек бас жүлдені иеленді. Аршын Қабылбек І орынды, Ержан Юсупов ІІ орыннан көрінді. Жыр мүшәйрасына 16 ақын қатысты. «Атажұрт» атты жүрекжарды туындысымен Әділет Ахмет бас жүлдені иемденсе, Айжан Тәбараққызы І орын, Қызырбек Дүргінбай ІІ орын алды. Өнер додасындағы жыршы-термешілер сайысында бас жүлдеге Қытай Халық Республикасынан келген Сәулежан Тақзия лайық деп танылды. І орынды өзбекстандық Бауыржан Ермекбаев алса, ІІ, ІІІ орындарды Қытайда тұратын қандастарымыз Алтыншуақ Төлегенқызы мен Сәния Өнерхан бөлісті.
Қытай жерінде туып-өстім, балалық шағым сонда өтті. Бүгінде жастар арасында танымал әншіге айналдым. Қазақ жастары мені «Бүлдірген», «Айсұлу» атты әндеріммен таниды. Өнерімді шыңдау мақсатында Қазақстанда кәсіби музыкалық білім алғым келеді. Әнді қара дүрсін айтпай, кәсіби әнші болғым келеді. Қазақстанға жиі келіп тұруға мүмкіндік бола бермейді. Сағынып, асығып келемін. Сонда бір көңіліме келетіні- жастардың ғана емес, үлкен кісілердің де орысша сөйлеп, өз тілін білмейтіндей сыңай танытулары. Көбіне өз қазағыммен түсінесе алмай қалам, өйткені, мен орысша білмеймін,-дейді әнші С.Өнерхан. Дәстүрге айналған халықаралық фестивальға Өзбекстан мемлекетінде тұратын қандастарымыздың тобын бастап келген Серікбай Үсеновтің айтуынша, өзбек жерінде 1 миллионнан астам қазақ бар. 394 қазақ мектебі, үш облыста жоғары оқу орны бар. Қазақша «Нұрлы жол» газеті және «Дидар» телебағдарламасы ондағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен ақпарат береді.
Әрине, халқымызға тәуелсіздік оңай келген жоқ. Осы мерейлі мерекені Өзбекстандағы қазақтар да атап өтуде. Фестиваль өте ұнады, лайым Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы алтын көпірге айналып, қарым-қатынасымыз жақсара бергей! Қазақ өнері өрлей берсін!-деді С.Үсенов. Түрік жерінде 20 мыңдай қазақ тұрады. Солардың бірі – Түркиядағы қазақ білім және зерттеу қауымдастығының төрағасы Сабан Серкан Диништүрк. Ата-бабалары түрік жеріне Шығыс Түркістаннан қоныс аударған Сабан Серкан бизнес саласында қызмет етеді. Францияда білімін жетілдірген ол отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Қазақ тілінде жатық сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрді ұстанатын ол балаларының болашағына алаңдайды. Түркияда бірде-бір қазақ мектебі болмағандықтан, қазақ жастарының ана тілін мүлдем білмей қалуларына қауіп бар. Ал, Моңғолиядағы қазақтар Баян Өлгей аймағында шоғырланған.
Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы құтты болғай! Мыңдаған жылдар бойғы арманның орындалғаны қандай жақсы! Біз моңғол жерінде қазақтар қазақ еліне арқа сүйеп, тәуелсіз еліміз бар деп мақтанып отырамыз. Қара шаңырағымыз – қазақ жері аман болғай! Соңғы кезде Моңғолияда әдебиет жоқтың қасы болып барады. Заман қиындығына қарай қаламгерлердің шығармашылығы әлсіреп қалды. Сондықтан, ақындарды шабыттандырған осындай игі шаралар жалғаса бергей!-деді Моңғолиядағы қазақтар қауымдастығының Баян Өлгейдегі бөлімшесінің төрағасы Қ.Омарұлы -Тәуелсіздіктің тойы құтты болғай! 25 жылдық 25 мың жылдыққа айналғай! Фестивальге Еуропаның бірқатар қалаларынан бірнеше өкіл келіп отырмыз. Ұлттық өнер дамыған сайын, ұлттық тәуелсіздік те алға басады деп ойлаймын. Қазақ бақытты халық. Соның қадірін білуіміз керек. Қазақстан 25 жылда басқа елдер 100 жылда қол жеткізбеген жетістіктерге жетті. Қазақты тек бірліктен айырмағай, Алла! Тәуелсіздік мәңгілік болғай!-деді Германиядан келген Ө.Алтын.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына арналған шара әлемнің әр жеріне тағдырдың жазуымен тарыдай шашылған қазақтардың басын қосып, қазақы өнерді биікке көтерді. Кең ауқымда өткізілген мәдени шара көпшіліктің көңілінен шықты.
Осындай игі шараны ұйымдастырған Дүние жүзі қазақтары қауымдастығына үлкен алғыс! Мен осымен биыл 3 рет өнерпаздардың шеберлігін сараптайтын қазылар алқасының құрамында болдым. Әншілердің деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ өнері асқақтай бергей! Алдағы жылы дәстүрлі әншілер байқауын өткізсе деген тілегім бар. Шетелдегі талантты жастар Қазақстанға кәсіби білім шыңдауға ертерек келсе, дұрыс болар еді. Көбісі, кешігіп келіп жатады. Соған қатты қиналамын,-дейді әнші, термеші Е.Шүкіман. Өнер фестивалінің жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды. Өнер мен достық шарасына облысымыздан «Жанартау» жастар шығармашылығы бірлестігінің өкілдері қатысып, шетелдердегі қазақ диаспоралары қауымдастықтарының басшыларымен келіссөздер жүргізіп қайтты. Үкіметтік емес ұйым биыл облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысымен «Шетелдегі отандастармен байланыс орнату» лотын ұтып алған болатын. Басты мақсат- шетелдегі қандастармен мәдени, рухани қарым-қатынасты дамыту, қазақ диаспорасының тұрмыс-тіршілігімен танысу. Осы бағытта қоғамдық бірлестік күзде Каспий жағалауындағы мемлекеттерге жол тартпақ.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы - республикалық мәртебесі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында тұңғыш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылды. Құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ден астам делегат қатысты. Қауымдастық Төралқасының төрағасы - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып бекітілді.
Статистикалық мәліметтер бойынша, шеттегі қазақтардың саны туралы нақты дерек жоқтың қасы. Бір мәліметтер бойынша, шетелдегі қандастарымыздың саны 15 миллион болса, келесі деректе 5 миллионнан асады делінген. Өкінішке орай, бұл мәселемен айналысатын ғалымдар да, ғылыми орталық та жоқ. 1 миллионға жуық қандасымыз өзбек жерін мекен етсе, Ресей жерінде де сонша қазақ тұрады екен.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген автор