Ақтауда талантты журналист, композитор Талғат Атшыбаевтың құрметіне өзі тұрған 29 ш/а 21 үйге мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рәсімге журналистің туыстары, зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен қала тұрғындары қатысты.
Талғат Атшыбаев өзінің еңбек жолын Маңғыстау аудандық "Жаңа өмір" газетінен бастаған. Оның теледидардағы авторлық бағдарламалары аймақтың өткір мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар Талғат Атшыбаев композитор да болған. Ол "Шалқымалы" және "Сағыныш" сияқты туындылардың авторы. Бүгінде бұл әндерді Қазақстанның танымал әртістері - Мақпал Жүнісова, Тоқтар Серіков және басқалар орындайды.