Мұнайлы ауданындағы жекеменшік «Көңлімқос» медицина орталығы маңғыстаулық теміржолшыларды жылына бір рет мерзімдік медициналық тексерістен өткізеді. Аталмыш емдеу орнына шалғай Өзен, Шетпе, СайӨтестен де теміржолшылар көптеп қатынайды.
─ Теміржол бізбен байланыстағы ең ірі кәсіпорын саналады. Сондықтан ол мекемелерден келген теміржолшыларға біз лайықты қызмет көрсетуге, уақытты созбауға тырысамыз. Таңертең қабылдасақ, түстен кейін қолдарына сараптамасын, денсаулығы бойынша медициналық анықтамасын беріп жібереміз, - дейді орталық директоры Нұрберген Әбіл. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты ғимараттың екінші қабатынан тәулік бойы жұмыс істейтін 20 кереуеттік стационар ашылғалы тұр. Оның ішінде жалпы терапиялық науқастар емделетін болады. Кардиология, пульмонология, астра онтология, неврология мамандықтары бойынша емдеу жүргізілмек. Қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс жасайтын қажетті мамандар іздестіріліп, конкурс жарияланып қойған. Енді келіп түскен түйіндемелерді сараптап, 2017 жылдың 1 қаңтарына дайындау ғана қалды. Былайша айтқанда, ақ халаттылар жеткізген бұл жаңалық ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тарту болмақшы. Мұнда жергілікті халықпен бірге ауруына дауа іздеген кез келген теміржолшыға есік ашық. Тәуліктік стационарға жатып, ем-дом қабылдау әрине, ақылы негізде жүзеге асады. Дегенмен, бүгінгі күні түйткіл тудырып жүрген портал мәселесі шешімін таппақ.
Нұрберген Көңлімқосұлының сөзіне қарағанда, аталмыш орталықта УЗИ, іш-құрылыстарды зерттейтін эндоскопиялық аппараттар жұмыс жасауда. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамға жол ұзартып қалаға қатынау оңай еместігі белгілі. Уақытыңды ұрлағаны былай тұрсын, қосымша қаржыңды да сылып алады. Енді осынау кемшіліктерді жаңа аппараттардың көмегі жауып тұрғанға ұқсайды. Көз ауруларына байланысты ағымдағы жылы 150-200-дің үстінде ота жасалыпты. Гинеколог, кардиолог, хирург сынды білікті мамандар өз міндеттерін атқаруда. Орталық директорының тағы бір айтқаны, келесі жылы міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы жұмыс жасап, халыққа тегін медициналық қызмет көрсету ниеттері бар екен. Ол үшін Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісімшартқа отыру көзделуде.
Әсел ТАҢАТАРОВА