Облысымызға гастрольдік сапармен келген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифингке қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сапар барысы туралы баяндады.
Театр өнерінің қара шаңырағы атанып кеткен қазақтың М.Әуезов мемлекеттік академиялық драма театрының негізі қаланғанына биыл 90 жыл. Өнер ордасының ұжымы 90 жылдық торқалы тойдың құрметіне ел аралап, өз өнерлерімен сусындатуға шыққан. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Талдықорған, Түркістан, Кентау қалаларында болған әртістердің сапары Маңғыстаудан соң Батыс Қазақстан мен Ақтөбе өңірінде жалғаспақ. Басты мақсат – театр өнерін жоғары бағалайтын көрерменді берері мол қойылымдармен рухани сусындату, Тәуелсіздік жылдарында театр және кино өнерінде өз қолтаңбаларын қалыптастырған театр әртістерімен қауыштыру. Қазақ өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығы үйлесім тапқан театр ұжымының қойылымдарын Жаңаөзен қаласының тұрғындары зор ықыласпен қабылдаған. Көзі қарақты көрермен актерлердің шеберліктеріне тәнті болып, орындарынан тұрып ұзақ қол соғыпты.
Жаңаөзен қаласында 5 қойылым қою жоспарланған болатын, бірақ, көрерменнің ыстық ықыласын көріп, көңілін қия алмай 7 спектакль қойдық. Халықтың өнерге деген сүйіспеншілігіне бек қуаныштымыз! Талай жылғы тарихы бар театр репертуары жыл сайын жаңа шығармалармен байып, әртістермен толығуда. Ақтаудағы өнер апталығы қазақтың Мұхтар Әуезовының «Абай» трагедиясымен басталады,-дейді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Е.Біләл. Алматылық әртістер бір апта бойы ақтаулықтарға «Абайдан» басқа халқымыздың тектілігі мен намысының символына айналған тұтқындағы ару жайлы «Таңсұлу» драмасын, Мысыр елінің билеушісі атанған дешті қыпшақ ұланы Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың өмірін суреттейтін «Сұлтан Бейбарыс», Желтоқсан оқиғасы кезіндегі жастар өмірінен сыр шертетін «Қыз мұңы», жастық сезімдерді сарапқа салатын «Қоштасқым келмейді» сынды қойылымдарды көрсетеді.
Театр әртістерінің ең үлкені 101 жаста болса, ең жасы студент. Спектакльдерде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір, Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Асылбек Боранбай, Дәрия Жүсіп және Азамат Сатыбалдылар ойнап, өз шеберліктерін көрсетеді. Осыдан 13 жыл бұрын Маңғыстауда алғаш рет Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының ашылуына куә болғанмын. Бүгінде өсіп-өну жолында алға қарыштаған Н.Жантөрин театрының болашағы зор,- дейді Қазақстанның халық әртісі, келген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі Е.Обаев. Қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылған болатын. Алғашында К.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» және М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінділер қойылады. Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков, ақын И.Байзақов, әнші Ә.Қашаубаев, тіпті, қара күштің иесі палуан Қ.Мұңайтпасов атсалысқан. Театрдың алғашқы режиссерлері С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев болды. Бүгінгі таңда театр ұжымында 80-ге жуық әртістер аса қызмет етеді. Репертуарда ұлттық, шетелдік классикадан және бүгінгі драматургиядан 51 қойылым бар. Жалпы репертуардың 70 пайызы қазіргі заман тақырыбындағы пьесалар.
Анар Шамшадинова