Аты әлемге әйгілі саңылақ спортшы, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының және 2011, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, жартылай ауыр салмақта 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Мұнайлы ауданындағы №11 орта мектепте оқушылармен кездесті. Кездесуге Әділбектің әкесі Сәбит Ниетбайұлы да қатысып отырды.
Маңғыстаудың марғасқа ұлы атанған Әділбекпен кездесу кешін мектеп директоры Қаршагүл Әділбекова ашып, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің және екінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Әділбек Сәбитұлын Рио-де-Жанейро олимпиадасындағы жарқын жеңісімен құттықтады.
─ Біздің елдің даңқты споршылары 4 жылда бір рет келетін додада ел сенімін абыроймен ақтады. Әділбектің бұл жеңісі Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі белесіне қосқан үлесі деп білеміз. Риодағы жарқын жеңістер жастардың жігерін жандандырып, жаңа белеске жетелеп, патриоттық сезімдерін, спортқа деген құлшынысын оятты деген сенімдемін. Маңғыстаудың мақтанышымен дидарласу сәті бүгінге түсіп тұр екен. Мектебімізде спортқа әуестеніп, аудандық, облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі оралып жүрген оқушыларымыз көп. Енді оларға бұл кездесу тәрбиенің бір көрінісі, үлкен сабақ болады деп ойлаймын. Жеңіс біздің бүгінгі жас буынға жұғысты болсын дегім келеді, - деді Қаршагүл Әділбекова.
Сыр-сұқбат түрінде ұйымдастырылған кеш Әділбектің отбасы, спорттағы жеңістері мен жеңілістері, өмірдегі ұстаздары жайлы өрбіді. Әділбек Ниязымбетов 1989 жылы Өзбекстанның Нөкіс қаласында дүниеге келіпті. Жастайынан спортқа ден қойған оны әкесі Сәбит 12 жасында боксқа берген. Әуелгіде күреске жетелеп апарғанмен, бала Әділбек спорттың бұл түріне аса ықылас таныта қоймаған. Соңыра қолғап түйістіруге деген айрықша қызығушылығын байқап, бокс үйірмесіне қатыстырыпты. 14 жасынан бастап ұстазы әрі бапкері - Марат Жәкиев турасында Әділбектің өзі «Бапкерім – менің екінші әкем» дейді. Өйткені, үйдегі әкенің орны мен түздегі әкенің орны екі бөлек болатындығын айтып, ағынан жарылған Әділбектің Марат Жәкиевтей ұстазда жаттығып жүргеніне 13 жылға тақады.
Осы жылдарда аянбай еткен еңбек пен төккен тердің арқасы бүкіл әлем көз тіккен жазғы олимпиада ойындарында күміске бағаланғаны бір жағынан қуаныш болса, екінші жағы сәл өкінішке ұласқаны дүйім жұртқа аян.
─ Рио олимпиадасы мен үшін бұған дейінгі олимпиада ойындарынан ауыр болды. Олимпиаданың күмісін алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, мен Риоға алтын медаль алу үшін барған болатынмын. Халықтың, бапкерлерімнің үмітін ақтай алмағаным үшін өкінгенім рас. Бірақ, өткен іс өтті. Артқа шегінуге жол жоқ. Алда тағы биік мақсаттарым бар»,- дейді спортшы Әділбек.
Кездесу әсем әнмен, көңілді бимен көмкеріліп, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сара Ноғаева, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Себепбаеваның жылы лебізімен жалғасты. Олар сын сәттерде елдігіміз бен ерлігімізді ту етіп, көк байрақты желбіретіп, жарқын жетістіктермен қазақ халқының мерейін тасытқан саңылақтарымызға қандай мақтау айтылса да артықтық етпейтіндігін жеткізді. Мектеп директоры Қаршагүл апай болса, «қуыс үйден құр шықпа» дегендей, Әділбекке өз ұжымы атынан шағын сыйлығын табыс етті. Спортшының жанкүйерлері кездесуден соң біргелікте суретке түсіп, қолтаңбасын алды.
Әсел ТАҢАТАРОВА