Жақында «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жергілікті қоғамдастық мүшелері мен арнайы мониторингтік топқа «Ауылдық деңгейде мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізу» тақырыбында тренинг өткізген. Тренинг аясында 5 қатысушы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Атап айтқанда, қатысушы Қыдырбай Жасан Жаңаөзен қаласының көгалдандыру мәселесіне, тамшылата суару және жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстарына бөлінген қаржының қаншалықты тиімді жұмсалғанын зерттеген. Ал Бақытжан Тағаев Жаңаөзендегі саябақтарды абаттандыру жұмыстарына тоқталды.
Мұнайлы ауданындағы Тәуелсіздік паркін күтіп ұстау және абаттандыруға бойынша мониторингті Айгерім Исентемирова жүргізді. Ол 2020 жыл мен 2021 жылға бөлінген қаржыға сәйкес жұмыстарды салыстырған. Алайда мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық ерекшеліктерді ескеріп, көңіл көншітерлік жұмыстардың орындалмағанын айтты.
Сонымен қатар «Мәңгілік ел Маңғыстау» ҚҚ директоры Рухия Қалдыбай Маңғыстау облысы бойынша салауатты өмір салтын насихаттауға бөлінген қаражатқа мониторинг жасады. Оның айтуынша, жыл сайын қомақты қаржы бөлінсе де, аталған насихат жұмыстарының нәтижесі еш өзгермеген. Яғни салауатты өмір салтын сақтайтыннан гөрі суицид немесе басқа да өлім-жітіммен аяқталатын жағдайдың көп екеніне көз жеткізді.
Ал «Жастар жетістіктері» ҚҚ директоры Айгүл Абылдаева Ақтау қаласындағы балалар алаңдарына мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде өз ұсыныстарын да айтып өтті.
«Балалар алаңдарының құрылысын қабылдау барысында коляскадағы кішкентай балалармен серуендеуге балалар алаңына өту (пониженный бордюр) орналасуын қарастыру, балалар алаңдарын салу стандартын ашық ақпарат көздеріне салып қою қажет. Балалар алаңдарының құрылысын қабылдау барысына қоғамдық ұйым, адалдық алаңы, арнайы мониторинг топ мүшелерін, ата-ана мен тұрғындарды қатыстыруды ұсынамын», - деді жоба қатысушысы Айгүл Абылдаев.
Аталған шараға жергілікті билік өкілдері де қатысты. Олар әр мониторинг бойынша пікір білдіріп, қатысушы тарапынан қойылған ұсыныс, пікірлерге жауап берді. Сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу арқылы бөлінген қаражатты тиімді игеруде олқылық танытпайтынын, мердігер мекеменің жұмысына тиянақты қарайтынын айтты.
Жалпы аталған тренинг «Жергілікті қауымдастықты ауыл бюджетінің мемлекеттік сатып алуына мониторингіне қатыстыру» атты жобасы аясында орындалып жатыр.
«Жобаның мақсаты – жергілікті қауымдастық өкілдерін мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасауға қатыстыру және оларды жергілікті мәселелерді шешуге тартылуына ықпал ету. Бүгінгі күні тренингке қатысып, мониторинг жүргізіп жүрген белсенді көп. Бұл өз кезегінде халық салығының қайда жұмсалып жатқанын анықтауға және қаншалықты тиімді жұмсалғанын саралауға өз септігін тигізеді. Қатысушылардың жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды, енді әрі қарай жұмыстың орындалуын назарға алып, жергілікті билік өкілдеріне жолданған сұрақтарға жауап алатын болады», - дейді «МО Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Жібек Ахметова.
Айта кетейік, жоба Сорос Қазақстан қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА