Екі жыл бұрын болған Арыстағы апатты жағдайдан кейін біздегі барлық қару- жарақ қоймалары қатал бақылауда болуы керек еді.
Мен 1999-2001 жылдары Қорғаныс министрі болған кезімде бірден қару-жарақ қоймаларын тазарттыра бастадым. Содан соң қару-жарақтардың қауіптілерін шығартып, әскери полигондарға жардырып тастау керек деген ұсыныс айтқанмын. Соны жасаймыз деп жүргенде басқа қызметке ауысып кеттім. Өзімнен кейін келгендерге ескерткенмін сол кезде. Әсіресе, оңтүстік өңірдегі қару-жарақ қоймаларын тазалау қажеттігін ерекше ескерткен едім.
Ал, Тараз маңындағы жарылысқа келсек, Қорғаныс министрі бірден отставкаға сұраныпты. Ол өзін “моральдық кінәлімін” деп сезінгені. Ал, адам өлімі болған жерде, отставкаға кетсе де, зейнетке шықса да кімнің айыпты екенін құқыққорғау органдары шешеді.
Төрт бірдей офицер мерт болды. Отыздан астамы жараланды. Халық тұрған жерінен шошып қалып, бас сауғалап, ауып кетті. Мұны қылмыс десек, құқық қорғау органдары өз шешімін айтуы тиіс.
Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, генерал-полковник, экс Қорғаныс министрі