Құрық ауылында тұратын жас спортшы Сұңғат Расулов бокстан Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында ІІ орынды жеңіп алды. Бұл туралы Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дүйсенбай Атағараев мәлім етті.
Оның айтуынша, жарысқа 2005, 2006 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған чемпионатта 20 спортшы қатысқан 50 кг салмақ дәрежесінде Сұңғат Маңғыстау облысының намысын қорғады. Ол 4 қарсыласынан шаршы алаңында асып түсті.
«Сұңғат - республикалық және халықаралық жарыстарда Маңғыстау өңірін спорт саласында биіктерден көрсетіп жүрген нағыз былғары қолғап шебері. Сондай-ақ, 2019-2020 жылдары Маңғыстау облысының жеңімпазы, Республикалық турнирлердің жүлдегері», - деді Дүйсенбай Атағараев.
«Сұңғат еңбекқор бала, бокста 5 жылдан жоғары тәжірибесі бар, шапшаң әрі физикалық тұрғыда өзінің салмағында қарсыластарынан мықты, спортшыға тән байсалды мінезі бар», - деді бокс үйірмесінің бапкерлері Көреғұлов Саламат пен Елдос Муыт.