Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмовтың төрағалығымен Жаңаөзен қаласында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жиын өтті. Жиында Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу үшін жұмыспен қамту шараларының жүргізілу барысы талқыланды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала тұрғындарын жұмыспен қамтудың бірнеше тетіктері қаралды. Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары» аясында жүзеге асатын жобалар негізінде жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр.
Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы тұрғындардың кәсіппен айналысуына жағдай жасау. Мәселен, теңіз жағалауында демалушыларға қызмет көрсету түрлерін дамытуды жандандыру қажеттілігі айтылды. Жаңаөзенде ауылшаруашылығы саласында кәсіпкерлікті дамыту арқылы да кәсіппен айналысам деген халыққа мүмкіндік туғызу мәселесі айтылды.
Бұған дейін облыс әкімі Серікбай Трұмов осы бағыттағы жұмысты жүргізуді Жер қатынастары басқармасына Жаңаөзен қаласы мен Қарақия аудан әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асыруды тапсырған болатын. Алайда бүгінге дейін жұмысты тиімді жүргізе алмаған жер қатынастары басқармасының басшысына ескерту жасады. Сондай-ақ аймақ басшысы осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, уақытында бақылау жасамаған аппарат жұмысын сынады. Жаңаөзен қаласында, жалпы облыста жаңа жұмыс орындарын ашу жолдарының бірі – өңірлік «Жаңа серпін» бағдарламасын қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Жиын қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов Жаңаөзен халқын жұмыспен қамту жұмыстарын жүргізуді жеделдетуді және жауапты облыс әкімінің орынбасары мен қала әкіміне және басқарма басшыларына тапсырды.