Маңғыстау облысының Құрық ауылында «Визит орталығы» жұмыс жобасының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» бөлімі бойынша ашық отырыс нысанындағы қоғамдық тыңдау өтті
Оған мемлекеттік орган өкілдері мен қоғам белсенділері, экологтар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бас қосуда қоғам белсенділері мен экологтар «Бозжыра» шатқалынан 4 шақырым қашықтықта, «Жабайұшқан» қаумалының сыртында салынатын қонақ үй кешенінің қоршаған ортаға әсерін бағалау жайында пікірлерін білдірді.
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Омар Сарсенғазиевтің айтуынша, жабайы турзимді тоқтатпасақ Бозжыраның табиғи қалпын сақтай алмаймыз.
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2012 жылы ашылды. Сол кезден бастап, «Бозжыра» шатқалына келушілер қатары көбейе бастады. Мен өзім инспектор болып бастадым. Сол кездерде біздің көргеніміз жабайы аңдар күн ыстық уақытта, вагондардың қасында біз құйып қойған суларды ішеді. Бүгінгі таңда парктің қызметкерлері арқарлармен суретке де түсіп жүр. Әрине дәл қасынан болмаса да жақын қашықтықта суретке түсуге болады. Демек, арқарларды шошытатын әрекет жасалмаса, олар адамдардан қашпайды», - деді ол.
Омар Сәрсенғазиевтың мәліметінше, қазір Жабайұшқанды мекендейтін арқарлардың саны 1000-ға жуықтайды. Мамандар дала жануарларының санын есептеуде екі тәсілді қолданады.
«Оның бірі – авиация арқылы болса, екіншісі көлік арқылы санақ жүргізіледі. Тікұшақпен жүргізілген санақ 90 пайызға дейін нақты көрсеткіш бере алады. Мәселен, 2016 жылы арқарлардың саны 700 шамасында болса, 2020 жылы мыңға жуықтаған. Арқарлар таудың үстіне жайылады. Себебі таудың үстінде шөп бар. Олар қарабұталардың гүлдерін жейді. Бұл жерлер арқарлардың төлдейтін жері болып есептелмейді. Олар тастың үстінде төлдемейді. Арқарлар адам аяғы жетпейтін жерлерге төлдейді. Негізінен арқарлар қырдың үстінде жайылады. Егер адамдар арқарларға тимесе, олар жайылатын жерлерде мылтық атылмаса, жануарларды үркітпесе арқарлар адамдардан қашпайды», деді ол.
Бұдан бөлек, «Бозжыра» шатқалында жол талғамайтын көліктердің ретсіз, асфальт жолсыз жүруінің салдарынан экологтардың бағалауынша, 750 гектарға жуық жер бүлінген. Бұл тек соңғы үш жылда ғана. Сондықтан бір ғана асфальтталған жолдың құрылысы осы орналасу үшін өте қажет.
«Туристердің Бозжыра шатқалына, оның ішінде жол талғамайтын көліктердің есепсіз, ретсіз келуіне байланысты табиғи топырақ жамылғысы нашарлаған. Қара жерде автомобильдерден көтерілген шаң өсімдіктерге қонады. Осылайша, жануарлардың популяциясына зиянды әсер етеді. Мысалы, дала кеміргіштерінің популяциясына кері әсерін тигізеді. Сондықтан Бозжыраны сақтаудың жолы - мәдениетті туризмді дамыту», -деді Омар Сәрсенғазиев.
Айта кеткен жөн, туризмді дамыту бағытында Қарақия ауданында жаңа инвестициялық жоба жүзеге асады. Жоба аясында салынатын Визит- орталық Бозжыра шатқалынан 4 шақырым жерде Жабайұшқан ерекше қорғалатын аймақтаэың сыртына салынсын деген жергілікті тұрғындардың талабы ескеріледі. Осыған байланысты 2021 жылы 19 қаңтарда Сенек ауылында ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері және тұрғындардың қатысуымен инвестициялық жобаны таныстыру бағытында кездесу өтті. Жобаға тапсырыс беруші мекеме – «TETHYS IV» ЖШС, жоба құрылысын жүзеге асырушы – «SEMBOL CONSTRACTION COMPANY» мекемесі. Жоба құны - 38 млрд. теңге.Жоба «Жабайұшқан» табиғи қаумалы жерінен 4 шақырым қашықтықта орналасады. Жоба аясында қонақ үй кешені, арнайы көлік тұрағы, туристтерге арналған атпен немесе квадрациклмен серуендейтін орындар салынатын болады. Құрылыс жұмысы барысында 1500 жұмыс орны ашылады және жұмысқа 60% жергілікті тұрғындар тартылатын болады.Жоба аяқталғаннан кейін 200 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, Сенек-Аққұдық бағытындағы 46 шақырым қатқыл табанды жол мердігер мекеме тарапынан қалыпқа келтіріледі. Жоба аясында аудан кәсіпкерлеріне ауыл шаруашылық өнімдерін немесе қолөнер бұйымдарын сатуға жағдай жасалатын болады.Оның ішінде, Сенек ауылдық мешітінің жөндеу жұмыстарына және қажетті құрал-жабдықтарына көмектер берілетін болады.Сенек ауылының жағдайы төмен отбасыларына азық-түлікпен және материалдық көмектер мердігер мекеме тарапынан көрсетілді.