Жаңа жыл қарсаңында өрт қауіпсіздігі Төтенше жағдайлар департаментінің жіті бақылауында. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұханов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті полиция мамандары өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтін, заңсыз сауданы анықтау мақсатында пиротехникалық өнімдерді сақтау және өткізу орындарына 23 рейд жүргізді. Тексеріс барысында Ішкі істер органдары 1 300 бірлік пиротехникалық бұйым (676 дана, 644 қорап) тәркіледі.
Айта кетейік, 2019 жылы 31 желтоқсаннан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 3 өрт болған. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар тіркелген жоқ.
«Биыл 1 қаңтар күні Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының орталық алаңында биіктігі 17 метр жаңа жылдық жасанды шырша жанғанын атап өткім келеді. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында Департамент өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қалалар мен аудандардың әкімдеріне, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына тиісті шаралар қабылдау туралы ақпараттық хаттар жіберді», - деді Мұрат Мұханов.
Шыршалардың жануын және электр жарығының тұйықталуын алдын алу және болдырмау мақсатында ұсынылады:
• шыршаларды тұрақты негізге орнату;
• иллюминацияны Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 230 бұйрығымен бекітілген Электр қондырғыларын орнату қағидаларының (бұдан әрі – Электр қондырғыларын орнату қағидалары) талаптарын сақтап жасау;
• төмендеткіш трансформаторсыз электр жарықтандыру желісін пайдалану кезінде шыршада кернеуі 12 Вольтқа дейінгі шамдарды тізбектей қосу арқылы ғана гирляндалар қолдану (шамдардың рұқсат етілген қуаты 25 Ватт);
• иллюминацияда ақау пайда болған жағдайда (сымдардың қызуы, шамдардың жыпылықтауы, ұшқындау) электр қуатын дереу тоқтан ажырату;
• іс-шараларды өткізу кезінде құқық қорғау органдары мен өрт қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлердің кезекшілігін ұйымдастыру.
Жол берілмейді:
• отшашулар мен өртке әкелетін басқа да жарықтық қауіпті эффекттерді ұйымдастыруға;
• қолдан жасалған электр гирляндаларын, жарық-музыка қондырғыларын, электр-музыка аппаратураларын, шыршаларды айналдыруға арналған құрылғыларды қолдануға;
• ашық от көзін қолдана отырып, басқарылмайтын, ұшатын фонарьларды пайдалануға және іске қосуға.
Еске сала кетейік, пиротехникалық бұйымдарды ғимараттар мен құрылыстарға 50 метрден жақын жерде немесе ағаштардың астында орналастыруға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ отшашуды (салют) желді ауа-райында қолдануға болмайды.