©
Ақтауда заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандарына мониторинг жүргізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары алдымен 20 шағынауданда бой көтеріп жатқан «Гаухартас» тұрғын үй кешеніне барды. Тұрғын үй құрылысын «Тастемір ЛТД» мекемесі заңсыз бастаған. Алайда мекеме әкімдік тарапынан берілген ескертуге құлақ аспастан құрылысын қарқынды жүргізуде. Қазірдің өзінде құрылысшылар тұрғын үйдің төрт қабатын қалап үлгерген.
Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балидің айтуынша, құрылыс нысанның тиісті құжаты рәсімделмеген.
«Заңсыз салынып жатқан құрылыстың жұмысын тоқтату үшін мемлекеттік сәулет бақылау және жер бақылау басқармасына хат жолданды. Сонымен қатар мердігер бірнеше адамға пәтер сатып үлгерген. Қазіргі таңда 20-ға жуық салымшы әкімдікке келіп, арыз-шағымдарын айтып жүр. Осы ретте полиция департаментіне өтініш жолданған болатын. Алдағы уақытта қылмыстық іс қозғалады», - дейді Бекнұр Бали.
Сондай-ақ мамандар 19 а шағынауданда салынып жатқан «Самғау» тұрғын үй кешеніне де мониторинг жүргізді.
«Бұл аймақ коммерциялық нысанның құрылысына арналған. Бірақ мердігер «Grand Story AST» құжаттарды рәсімдемей, тұрғын үйдің құрылысын бастап кеткен. Талап, арыздар сот органына жолданды», - дейді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Бали.
Заңға бағынбаған тағы бір мекеме 16 шағынауданнан көпқабатты тұрғын үй салуды бастап кеткен.
Жалпы аймақта жеке қаражат есебінен салынып жатқан 60-тан астам тұрғын үй болса, соның 15-і – заңсыз. Құжаттары рәсімделмеген. Осы орайда жауапты мамандар мониторинг жүргізуді жалғастырады.
Сондай-ақ Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Бали салымшылардың сан соғып қалмауы үшін тиісті маманмен ақылдасу керек екенін айтады. Тұрғын үйге ақша салмастан бұрын, жауапты қызметкерден қаладағы құрылыс жөнінде ақпарат алуды ескертеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН