Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Түпқараған және Қарақия аудандық орталық аурухананың бас дәрігерлеріне Yutong маркілі екі автобустың кілтін табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Диагностикалық-медициналық кешен Yutong қалааралық автобусы негізінде құрылған. Автономды жылыту, кондиционерлері және бірнеше кабинеті бар.
Атап айтқанда, гинекологиялық қарау кабинеті, биохимиялық қан алу учаскесі, дәріханалық пункт, жалпы қабылдау кабинеті, рентген-бөлмесі бар. Арнайы қорғасын бөлмесімен жабдықталған, онда қауіпсіз рентген және флюорография жасауға болады. Кабинеттер заманауи цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Бұл жабдықтар созылмалы ауруларды ерте анықтау, денсаулықты алдын алу және емдеу үшін қажет.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңартуға үнемі көңіл бөлінетінін айтып, тұрғындарды карантин ережелерін сақтауға шақырды.
Ал Қарақия аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлшара Сақтаптың айтуынша, диагностикалық-медициналық кешен арқылы Сенек, Құланды және Бостан ауылдарына барып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетеді.
Сондай-ақ Түпқараған аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлшат Шалабаева республикалық бюджет есебінен сатып алынған диагностикалық-медициналық кешенінің көмегімен жұмыс едәуір жеңілдей түсетінін жеткізді.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева жылжымалы медициналық кешенімен танысып шыққан соң шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек дер кезінде көрсетілетініне сенімді екенін айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА