Ақтау гарнизонында әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан аға сержант Жолдасжан Эрешбаевқа «Ел қорғаны» медалі берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Ел қорғаны» медалімен марапаттау туралы бұйрықты ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев оқып, оны әскери қызметшінің жұбайына табыстады.
«25 наурыздан бастап әскери қызметші коронавирустық инфекциямен күресте алдыңғы қатарда болды. Аға сержант өзінің әскери бөлімінде дезинфекциялық топтың құрамында қызмет етті. Олар Ақтау қаласының аумағын залалсыздандырумен айналысты. Алайда қауіпті вируспен күресуге қатысқан әскери қызметші қауіпсіздік шараларына қарамастан науқастанып, 24 сәуірде COVID-19-дан қайтыс болды. Әскери қызметшінің артында 5 баласы қалды», - деді Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі.
Әріптестерінің айтуынша, ол қызметте өз ісінің маманы болған. Әрқашан жоғары жауапкершілікпен және тәртіппен ерекшеленіп, жауынгерлік даярлықта жақсы нәтижелер көрсеткен. Достары мен таныстары оны басқаларға жанашыр, қамқор адам ретінде еске алады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі