«Еңбек» бағдарламасының жаңа бизнес идеяны іске асыру бағыты бойынша 55 азаматқа 30 558 000 теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Түпқараған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Римма Жақсылық мәлімдеді. Бұл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама.
Грант 3 аз қамтылған отбасы мүшесі, 10 көп балалы ана, 21 жас кәсіпкерлер, 5 мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінді. Нақтырақ айтқанда, құс және мал шаруашылығы, дәнекерлеу ісі, наубайхана, кондитерлік өнім, көлік қаптамаларын тігу, тоңазытқыштарды жөндеу, компьютерлік қызмет көрсету, сұлулық салоны, шаштараз, тігін салаларына грант бөлінді, - дейді Римма Жақсылық.
«Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында оқу курсын оқып, өзімнің бизнес жоспарымды ұсындым. Нәтижесінде, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес жобаларды іске асыру бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткіздім. Алғашқы талабымды шағын кәсіптен бастап, инкубатор арқылы балапан өсіруді қолға алдым. Одан соң қызығушылығым артып, тауық түрін сатып алдым. Бүгінде тауық көбейіп жатыр, жұмыртқаларға сұраныс көп. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібімді дөңгелетіп отырмын», - дейді екінші топтағы мүгедек Дияс Мурадуллаев.