©
Өткен жексенбі күні немерелеріммен қаламыздың теңіз жағасына келдік. Осы жерде жағаға өлілей шығып қалған итбалықтарды көрдік. Ірі, ересек хаюандар көрінді. 50 метрдей аралықта үшеуі, әріректе, шамамен 400-500 метрдей жерде тағы үшеуі жатыр. Олардан басқа балықтардың да өліктері табылды.
Бұл жағдай сол күні «Лада.кз» сайтына жіберілген болатын. Ертесіне оны бірнеше республикалық сайт жариялапты. Республикалық телеканалдардан телефон шалғандар бар.
Интернеттегі жарияланымдарға пікір қосқандар негізінен бұл жағдай теңіздегі бұрғылау жұмыстарының әсері және браконьерлердің қаскөйлігі деген ой айтуда.
Ертесіне, 19 қыркүйекте прокуратураның, төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері бар бір топ теңіз жағалауында өлген итбалықтар туралы құжат толтырып, тіркеп жүргенін көрдік.
Осы күні «Лада.кз» сайтында Маңғыстау облыстық Табиғат қорғау прокуратурасының ақпарламасы шықты. Онда, өлген итбалықтар сараптамаға жіберілгені хабарланыпты. Итбалық өліміне не себеп болғаны содан кейін анықталады екен.
Алайда, табиғат қорғаушылар теңіз жағалауының тек осы жерін тексерді ме, әлде теріс жағаны түгелдей қарап шықты ма, ол жағы айтылмапты. Біздіңше, «Генерал саяжайы» аталатын мүйістен бастап тым болмаса Саураға дейінгі аралықты тексеріп өткен дұрыс болатын еді.
Маңдайымызға біткен теңізіміздің «денсаулығы» оны жағалаған біздің де денсаулығымызға әсер етеді. Сондықтан, теңіз жануарларының жаппай қырылуына соғар жағдай болмағай да деп тілеудеміз.
Айсағали ҚЫДЫР