Бүгін Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 1 шағынаудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар толғандырып жүрген сауалдарын қойып, шағынаудандағы жол, балалар ойын және спорт алаңдарының жай-күйі, яғни абаттандыру мәселелерін талқылады.
Қалалық ТҮКШ бөлімі басшысы шағынауданды абаттандыру келер жылдың кешенді жоспарына енгізілетінін айтты.
Одан бөлек көгалдарды уақытылы суару мен қураған бұталарды кесу мәселесі сөз болды. Осы ретте қала әкімі “Атамекен” ҚБ өкіліне ескерту берді. Сонымен қатар жиында айтылған өзге де ұсыныстар мен мәселелер бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма берілді. Орындалу барысы қала әкімінің бақылауында болмақ.
Айта кетейік, Ақтау қаласы әкімі Нұрлаулет Қилыбай шағынаудан мәселесін оңтайландыру бағытында әр шағынаудан тұрғындарынан құралған ынталы топпен жекелей кездесу өткізіп жүр. Бұған дейін ол 5, 7, 27, 28 А, 26, 14, 15, 17, 32 Б және Шығыс-3 шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сәйкесінше тиісті бөлімдерге тапсырма берілді, соған сай жұмыстар орындалып жатыр.