Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұргүл Жанназарова мәлімдеді.
Осыған орай, Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы Ақтау қаласындағы «Forte bank» АҚ филиалы ғимаратында тұңғыш рет жаңа «Open Space» форматында өткізілген. Аталған мәжілісті кез келген тұлға көре алатындай мүмкіндік жасалған.
«Мұны біз, қоғам мен мемлекеттің арасын жақындатуға, қабылданатын шешімдердің ашықтықтығын қамтамасыз етуге бағытталған тағы да бір үлкен нақты қадам деп санаймыз»-деп атап өтті Нұргүл Алмасқызы.
Ал елде Төтенше жағдай енгізілген кезде Әдеп жөніндегі кеңес өзінің жұмысын азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеу және сақтық шараларын күшейту мақсатында, алғаш рет әдеттегідей емес, қашықтықта, яғни жаңа байланыс құралдарын кең көлемде қолдану арқылы онлайн форматта жалғастырды. Бұл формат өзінің тиімділігін байқатты.
Мысалы, бұрын кеңес мүшелерінің кворумы болмауына байланысты мәжілісті кейінге қалдыруға тура келетін болса, енді кез келген мүше басқа қалада жүрсе де, мәжіліске қатыса алатын мүмкіндікке ие болды.
Осы уақытқа дейін жаңа онлайн форматтағы Әдеп кеңесінің 5 отырысы өткізілді.