Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ МО бойынша филиалының басшысы Медет Абуғалиев мәлім етті.
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамырында берген тапсырмасына сәйкес Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірлеуді бастап кетті. Оның шарттары бойынша несие мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарна 10%, несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін болмақ. «5-10-20» пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады", деді Медет Абдуғалиев.
Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс компаниялары салған жаңа үйлерден де сатып алуға болады. Ақтау қаласы бойынша жеке құрылыс компаниялары салған жаңа үйлерден пәтер алу үшін берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгеден аспайды. Биыл бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Бағдарламаның алғашқы кезеңіне 1986-2010 жылдар аралығында тұрғын үйге мұқтаж жандар ретінде жергілікті атқарушы билік органдарында есепте тұрған азаматтар қатыса алады.
«Биыл Маңғыстау облысына «Бақытты отбасы» бағдарламасына 100 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда оның жартысы 49 млрд теңге түсті. Лимитке сәйкес, өңірімізден осы бағдарламаға 163 адам қатыса алады. Қазіргі таңда барлық 163 адамның жобасы жасақталып, 120 азамат өз пәтерлерін алды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін барлық қатысушы пәтерлерін алып үлгереді деп ойлаймыз», деді ол.
Айта кетейік, белгіленген мерзім аралығында кезекке тұрсаңыз, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ресми сайтына кіріп, бағдарлама шарттарымен танысып, өзіңіз туралы ақпаратты толтырып, өтініш тапсыруға мүмкіндік бар. 3 күннің ішінде сізге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері хабарласады.