Қарақияда «Қызыл кітапқа» енген балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ерекше қорғауға алынған «Адамтас» қаумалының «Ақсу» жері маңайында «Уаз Хантер» автокөлігінде Қызыл кітапқа енген 30 дана бекіре тұқымдас балықтың бар екендігі анықталды.
«Тәркіленген қызыл балық – 63 келі. Алғашында көлік жүргізушісі тоқтау жөніндегі талапқа бағынғысы келмей қаша жөнелді. Біздің қызметкерлер соңынан қуып, ақыры машинаны тоқтатты. Белгілі болғандай ұсталған екі азамат Жаңаөзен қаласының тұрғындары болып шықты. Өздерінің заңсыз әрекетке барғандарын мойындап отыр», - дейді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ директоры Омар Сәрсенғазиев.
Полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізеді. Ұсталғандарға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Айта кетейік, ерекше қорғауға алынған аталмыш аумақта сирек кездесетін балық түрлері мекендейді. Каспий теңізінде бекіре тұқымдас қызыл балық аулауға тыйым салынған. Ал заңсыз балық аулағандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Еске сала кетейік, 8 тамыз күні сағат 15:20 шамасында Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи парктың қызметкерлері, Қарақия аудандық полиция бөлімі мен облыстық табиғат қорғау полициясымен бірлесе рейд жүргізілген болатын.