Қай заманда туса да мұралары өміршең, ұлт таңдамайтын, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейтін ғұламалар болады. Солардың арасында биік өресі мен ерекшеленген Сократ, Аристотель, Әл-Фараби және Абай сынды есімдер бар. Айтайын дегенім, Абай атамыз туралы оймақтай ой еді.
Биыл халқымыздың ұлы перзентінің туғанына 175 жыл болады. Осы мерейлі жылды өз деңгейінде атап өтуге мемлекеттік органдар, қоғам болып жұмылып атсалысып жатыр. Індет, карантинге қарамастан, технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, онлайн кездесулер, конференциялар ұйымдастырып, ұлы іске ұйытқы болып жүрген азаматтарға алғысым шексіз. Мен де осы мақсатта өз үлесімді қоссам деймін. Ғылым жолына аяқ басқан соң, ең бастысы адалдық, ғылымға терең қарап, мүмкіндіктерін дамуға, өркендеуге жұмсағым келеді. Абай атамыздың шығармалары, қарасөздері осы мақсатта маған бағдаршам болып отыр. Адамзаттық құндылықтар, біздің менталитет, басқару технологиясының сол тұстағы мінез-құлық психологиясымен астасатынын жақсы айтып кеткен. Маған осы жағы қатты ұнады. Осылайша, Абай еңбектері ой-өрісімді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуға жол ашып отыр. Ұлы Абайды оқу – өзіңді, қазақы болмысыңды тану. Абай шығармалары ғылымда жүрген менің әріптестерім үшін үлкен демеу, адастырмайтын даңғыл жоқ. Зерттеулерімде Абай шығармаларын өзіме жетекшілік етіп алдым. Менің басқару технологиясы туралы, әр жобаға обьективтілікпен қарау туралы ғылыми еңбегіме Абай еңбектерін тұздық еттім. Себебі Абай басшы қандай болу керек? Оларға қандай міндеттер мен жауапкершілік жүктелетінін тайға таңба басқандай жазып қалдырып кеткен. Айта кетейін, Абай атамыздың еңбектерінде мәселені айтып қана қоймай, оны шешу жолдары, ұстанымдар мен оған тірек болатын міндеттер айтылады. Басқару менеджменті белгілі бір менталдылық пен ұлттық ерекшеліктерге байланысты. Абай еңбектерінде де осы жағы баса анық айтылған. Абай атамыздың әлеуметтік – басқару технологиясына қатысты еңбектерін әлі толық зерттеу керек деп ойлаймын. Мен ұлы ақынның еңбектерін үнемі қарап, оқып отырамын. Санаға құйып, зерделеп отырамын.
Абай атамыз адамзатқа ортақ құндылықтарды жазғандықтан әлемдік деңгейдегі ойшыл, данышпан ретінде тарихта қалды. Қазір БҰҰ деңгейінде, ЮНЕСКО аясында туған күнін атап өту туралы жұмыстар жасалып жатыр. Карантин уақытында интернет желісі арқылы ақпараттық байланыс орнап, атамыздың рухани дүниелері наисхатталып жатыр. Айта кету керек, Түркия сынды түркітектес елдер де Ұлы Абай шығармаларының тереңдігі мен өміршеңдігін насихаттап, ел-елге ақпарат таратып жатыр. Мұның өзі үлкен қажырлы еңбек.
10 тамыз Абай күні болып бекітіліп, айналымға еніп отыр. Мұны өзі бабалар рухына тағзым, рухани дүниелеріне деген құрмет деп білемін. Сондықтан, достарым, Абайды күніне бір рет не аптасына бір рет, болмағанда айына бір рет оқиық.
Аида Балқашбайқызы,
Yessenov University
Экономика ғылымдарының магистрі