Кеше, 20 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев кездесті. Кездесу барысында ҚМГ кәсіпорындарындағы эпидемиологиялық ахуалды және коронавирустың әрі қарай таралуын алдын алу бойынша компанияның қолға алған шараларын талқылады. Сонымен қатар ҚМГ басшысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өңір тұрғындарына көрсетіп жатқан демеушілік және қайырымдылық көмегі туралы баяндады.
«Біз алғашқы күннен бастап пандемияға қарсы күреске барынша атсалысып келеміз. Компания өз қызметін жүргізетін өңірлердің тұрғындарына қамқорлық көрсетуде. «ҚазМұнайГаз» жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеге, соның ішінде Маңғыстау облысына 1,8 млрд теңгеге демеушілік қолдау көрсетті. Бұл қаражат аса қажетті медициналық құрал-жабдық, реанимобильдер, оттегі концентраторларын және өкпені жасанды желдету аппаратарын сатып алуға жұмсалды. Сондай-ақ ҚМГ-ның еншілес компаниялары әкімшілік пен медициналық мекемелерге көлік, жеке қорғаныс құралдарын, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік жинақтарын алып берді. Біз коронавирус індетімен бірлескен күрес барысында дәрігерлер мен жергілікті атқарушы органдарға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырамыз», - деп атап өтті А. Айдарбаев.
Алик Айдарбаев Ақтау қаласындағы медициналық орталықтың қызметімен танысты. Аталған орталық ҚМГ-ның еншілес және сервистік компаниялары жұмысшыларын вахта ауысымына кірісер алдында ПТР-тестілеуден өткізеді. Тестілеуден тәулігіне 200 адамға дейін өтеді. Тестілеу COVID-19 жұқтырғандарды анықтауға және өндіріс орындарында аурудың таралуын алдын алуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек ол Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және сервистік кәсіпорындар басшыларының қатысуымен селекторлық жиналыс өткізді. Жиналыс барысында ағымдағы қызметтің, дағдарысқа қарсы стратегияның іске асырылу, пандемиямен күрестің және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң орындалуы мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Алик Айдарбаев коронавирус инфекциясы мен пневмониядан қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына және туған-туыстарына көңіл айтып, науқастанған әріптестестеріне тезірек сауығып кетуін тіледі.
«Өкінішке қарай, әріптестеріміздің арасында да осы індеттен қайтыс болғандар бар. Бұл жанға бататын ауыр жағдай. Бақилық болған қызметкерлер мұнай-газ өнеркәсібін дамыту мен өркендетуге елеулі үлес қосқан азаматтар еді. Олардың ерен еңбектерін біз ешқашан ұмытпаймыз», – деді ол.
Жаңаөзен қаласында ҚМГ басшысы ашылуы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында жоспарланып отырған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық-оңалту орталығына барды. Жобаға «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан 50 млн теңге бөлінген. Орталықта жылына 700 балаға дейін оңалтудан өте алады.
Сондай-ақ Алик Айдарбаев «Өзенмұнайгаз» АҚ жанындағы провизорлық орталықтың қызметімен танысты. Провизорлық орталық қалалық инфекциялық емханалардың жүктемесін азайту үшін қосымша 65 төсек-орынмен жабдықталды, тәулігіне 500-ге жуық науқасты қабылдай алады. ҚМГ Басқарма төрағасы «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына провизорлық орталықты қажетті жабдықпен қамтамасыз етуді тапсырды. Ол келешекте «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін емдеуге арналған толыққанды медициналық орталық ретінде жұмыс істейді деп жоспарлануда.