Жақында Баянды, Ақшұқыр, Шетпе ауылының тұрғындары төселіп жатқан жолдың сапасын сынға алып, әлеуметтік желіге видео жариялаған болатын. Олар әлі аяқталмаған асфальтті қолмен көтеріп, салынған тас жолға көңіл толмайтындығын айтқан. Осылайша көптің көңіліне күдік ұялатқан бейнежазба желі қолданушылары мен жергілікті тұрғындардың талқысына айналып үлгерді.
Желіні шулатқан жолдың жайжапсарымен танысып, сапасына көз жеткізу үшін арнайы ауылдарды аралауды жөн көрдік.
Ақшұқырдағы автожол жүк көліктен жарылған
Алдымен Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында салынып жатқан 9,3 шақырым жол құрылысымен таныстық. Бұған дейін желі қолданушысы жол жиегінің жарылғанын алға тартып, мердігер мекеменің жұмысына шағым келтірген еді.
Ал жергілікті басшылық асфальттің 20 см болатын беткі жабынғысы жүк көліктің қатты жылдамдықпен жүруінен жарылған деп түсіндірді.
«Жалпы асфальт төселгеннен кейін 72 сағат ішінде қату процесі жүреді. Алайда тұрғын бұл видеоны қату процесіне дейін түсіріп, желіге жүктеген», - дейді Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев.
Ауылішілік жол әлі толық аяқталмаған.
«Бұл жол тапсырыс беруші мекеме тарапынан әлі қабылданған жоқ. Жолды жөндеу жұмыстары көрсетілген техникалық ерекшеліктерге сай салынып жатыр. Ал тұрғын болса, жүк көлігі басып сындырған асфальттің төменгі кішкентай бөлігін видеоға түсірген. Осы ретте жолдың қалыңдығы мен сапасын анықтау үшін тиісті сараптама мамандарына жүгіндік», - дейді мердігер мекеменің басшысы Сержан Төлепов.
Мамандардың айтуынша, автожолға төселген асфальттің қалыңдығы – 7 см. Оның астына 15 см қиыршық тас пен ПГС құйылған.
Ал желіні шулатқан тұрғын оқиға орнынан табылмады, десе де әкесі бейнежазбаның білместікпен түсірілгенін айтты.
Баянды жолы: «Кілемге» теңелген жол сапасы тексерілді
Қызу талқыға түскен тағы бір видео Баяндыда түсірілген болатын. Жолдан олқылық, жөндеу жұмыстарынан мін іздеген ауыл тұрғыны жол жиегіндегі қатып үлгермеген асфальтті қолмен алып көтерген. Тұрғынның уәжі – жолдың жұқа әрі сапасыз салынуы.
Осы ретте мердігер мекеме «Амиран» ЖШС-ның басшысы Ғабит Тілекбаевпен тілдесіп, жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын сұрадық.
«Баяндыдағы 2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жол әлі аяқталмаған. Орташа жөндеудің техникалық ерекшелігіне сай жол жиегіне 5-6 см асфальт төселеді. Алайда біз жолдың сапалы болуы үшін асфальт қалыңдығын 1-2 см-ге қалыңдаттық Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына сын айтылғаннан кейін асфальт жабындысының қалыңдығы бойынша тұрғындардың көрсетуімен 3 жерден сынама алынды», - дейді Ғабит Тілекбаев.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 1-сынамада асфальт жабындысының қалыңдығы 7,2 см болған. 2-сынама бойынша 6,9 см, ал 3-сынама 6,8 см қалыңдықта жол жабындысы төселген.
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев жол сапасын тағы тексерту үшін тәуелсіз зертхананың көмегіне жүгінбек. Себебі тапсырыс беруші мекеме ретінде автожол құрылысынан шикілік шықпағаны маңызды деп отыр.
«Автожолдың ені 5 метр болуы тиіс, ал мына жерде – 5,80 метр. Тұрғындар артық төселге, қатпаған жол жиегін ыссы уақытта көтерген. Егер автожол құрылысынан кемшілік табылса, ақшасы аударылмайды. Мердігер мекеме қайта жөндеу жұмыстарын өз қаржысы есебінен жүргізетін болады», - дейді аудан әкімінің орынбасары Н.Жолбаев.
Сондай-ақ Баяндыда төселген асфальтті келемеждеп «кілемге» теңеген бейнеролик желіде тарап кеткен еді. Егер тәуелсіз зертхана талдауы оң қорытынды шығарса, онда мердігер мекеме сынға алушыларға сотқа беретінін айтты.
Айта кетейік, отыз жыл бойы жөндеу көрмеген Баянды жолы биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы салынып жатыр. Қазіргі таңда жолдың 90 пайызы аяқталған.
Шетпедегі жаңа салынған жол шетінен шу шықты
Маңғыстау облысындағы жол жыры мұнымен біткен жоқ. Жақында шетпелік тұрғын жол шетінен шикілік іздеп, әлеуметтік желіні шулатты.
Ол видеода Шетпе кентіндегі №7 мектеп алдына төселген асфальттің үгітілгенін көрсеткен.
«Жолдың шетіндегі асфальт басылған сайын ығысып, жан-жаққа жайылған. Сол сәтті кент тұрғындары түсіріп алған екен. Жалпы Ащыбұлақ шағынауданындағы 1,8 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары ережелерге сәйкес төселді. Алдымен қиыршық тас және ПГС құйындысын құйып, үстіне асфальт жабындысын төсейміз», - дейді мердігер мекеме өкілі Аманжан Қарабаев.
Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қылаңовтың айтуынша, сараптама мамандары шақыртылды. Алдағы уақытта жол сапасы сын көтеретін болса, әрі қарай жөндеу жұмыстары өз жалғасын табады.
Тұрғындар төзімділік танытып, мердігер мекеме өз жұмысын жүйелі орындаса, аталған елді-мекендегі автожол тамыз айында ел игілігіне беріледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН