Бұл туралы ІІМ ҚАЖ Комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшасы Роман Теленьков хабарлады.
Медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш костюмдерді тігумен 32 жазасын өтеуші айналысады. Осы мақсатта ГМ 172/6 түзеу мекемесінде шағын цех құрылған. Қолдан пішілген костюмдердің сапасы санитарлық талаптарға сәйкес келеді.
«Вирустық инфекциядан қорғану костюмдерін қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер Маңғыстау өңірінде карантин режимі жарияланғанға дейін тіге бастаған болатын. Бүгінде 32 сотталушы жұмыс кестесіне сай тәулігіне бірнеше костюм пішіп шығаруда. Олар заң жүзінде тұрақты қызметке тартылған. Еңбегі үшін айына 42 500 теңге көлемінде жалақы алады» - дейді Роман Теленьков.
Ақтауда пішіліп шығарылған қорғаныш костюмдер бірінші кезекте жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері үшін жеке қорғаныш құралы есебінде сатып алынуда. Бір костюмнің нарықтағы құны 1 500 теңгеге бағаланған. Сондай-ақ облыстағы басқа да кәсіпорындардан әлгі костюмдерге көптеп тапсырыс түсіп жатқан көрінеді.
Бастысы, темір тордың артында отырғандар жұмыс істеп, сұраныс жоғары өнім шығаруда. Осылайша коронавируспен күреске өз үлестерін қосып жүр.