Ақтаудың орталық көшелеріндегі билбордтарға коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің суреттері ілінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда қала көшелеріне 50-ден астам билборд ілінді. Жоспар бойынша барлығы 100-ге жуық маманның суреті қала көшелеріне орналастырылады. «Біздің батырлар! Наши герои!» деп жазылған билбордта дәрігердің фотосы, аты-жөні көрсетілген.
Медицина қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу үшін «Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның директоры Айсұлу Дутбаева қала әкіміне ұсыныс білдірген. Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл ұсынысты қолдап, облыс әкімінің келісімі және кәсіпкерлердің қаржылай көмегімен игі бастаманы жүзеге асырған болатын.
Қиын кезеңде адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай, өз антын адал атқарған әр дәрігердің еңбегі ерекше! Ақ желеңді абзал жандар – күні мен түнін ауруханада өткізді, айлап үйлеріне бармады, балаларынан жырақта жүрді. Тіпті, кейбіреулері дертті өздеріне жұқтырып, өмірімен қош айтысты. Әр медицина қызметкеріне алғысымыз бен құрметімізді білдіреміз. Әлемнің әр түкпіріндегі дәрігерлерге басымызды иіп құрмет көрсетсек артық емес.