Маңғыстаулық кәсіпкерлер Самат Мұсабаев пен Асылбек Жолдыбаев Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қала тұрғындарына дзюдо спорт кешенін сыйға тартты. Белгілі фермер Тұрар Жолдыбаев атымен аталған жаңа ғимараттың жалпы алаңы 5 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрылысына 150 млн.теңге қаржы жұмсалған. Мұнда дзюдомен айналысуға арналған үлкен зал, жаттығу залы, дәрігер бөлмесі, жатақхана, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Алик Айдарбаев, Қазақстан дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Марат Мықтыбеков пен облыс тұрғындары қатысты.
-Облысымызда спорттың жеке түрлеріне қолдау көрсетіп, жебеуші болып та, демеуші болып та жүрген азаматтарымыз аз емес. Ұлттың саулығы мен оның бәсекеге қабілетілігі жолында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін тереңірек түсініп, облыс аумағында өз қаржысына спорт кешенін салушы азаматтарымыз табылуда. Бүгінгі есігіні айқара ашқалы отырған Тұрар Жолдыбаев атындағы дзюдо спорт кешені де осы игі дәстүрдің жалғасы. Еліміздің ертеңі үшін салынған мұндай инвестицияның қайтарымы міндетті түрде болғанды. Бүгін ауылда туса да, ертеңгі күні алыстағы алпауыт елдердің шаршы алаңында шебер өнерімен өзгелерді мойындататын дзюдошы өрендердің шығатынына сенімдімін. Облыс тұрғындарының спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтамасыз ету мақсатында осындай сәулеті мен сәні келіскен спорт кешінін салып, спортшылардың игілігіне беріп отырған спорт жанашырлары мен кәсіпкер азаматтар С. Мұсабаев пен А. Жолдыбаевқа жеке өз атымнан және тұрғындар атынан алғыс білдіремін. Спорт кешенінің жұмысына сәттілік тілеймін, жеңісті сәттер көп болсын ,-деді өз сөзінде облыс әкімі.
Бүгінгі таңда облыста 1200 жас дзюдомен айналысады. Сондықтан да олардың республикалық, халықаралық жарыстарға дайындалуына жағдай жасау үшін жаңадан ашылған спорт ғимаратында 50 орындық жатақхана мен асхана да қарастырылған. Жаңа нысанның ауласында футбол алаңы да бар. Мұнда бір уақытта 100 бала жаттыға алады. Алдағы уақытта самбо және қазақша күрес секцияларын да ашу жоспарланып отыр.
-Бұл спорт кешінінің ірге тасы өткен жылы құйылған болатын. Міне, бүгін спортшылардың игілігіне тапсырылып отыр. Жастардың дайындалуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұның барлығы облыста дзюдо спортын дамыту үшін жасалып жатқан игі бастамалар. Сондықтан да болашақта осы спорт кешенінен Әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері шығады деп сенемін,-дейді Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының вице президенті Асылбек Жолдыбаев.
Жаңа нысанның лентасы қиылғаннан кейін қонақтар ғимаратты аралап көрді. Дзюдо залында облыс спортшылары қонақтарға көрініс көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстан дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Марат Мықтыбеков облыс әкіміне бірінші дәрежелі «Дзюдо Тарланы» орденін табыстады.
-Ақтауда көптен күткен дзюдо спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде дзюдо күресінің қарқынмен дамып келе жатқаны баршаңызға мәлім. Оның айғағы ретінде кешегі өткен Рио Олимпиадасында қол жеткізген жетістіктерімізді айтуға болады. Сонымен қатар Үндістанның Кочи қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасынан 12 спортшы жүлделі орындармен оралды. Оның екеуі-маңғыстаулық балуандар екенін айта кеткім келеді. Мұның өзі өңірде дзюдоның қарқын алып келе жатқанын көрсетеді. Жастар арасында маңғыстаулық Сұңғат Жұбатқан мен ересектер арасында Айбек Имашев жақсы өнер көрсетіп жүр. Қос спортшыдан үлкен үміт күтеміз, Токиода өтетін Олимпиада ойындарында осы дзюдошыларды да көріміз деген ойдамын,-деді М. Мықтыбеков.
Шара барысында өңір басшысы Алик Айдарбаев пен кәсіби сынықшы Айнұр Есмурзина Бекнұрәлі есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, алдағы өміріне жақсылық тіледі.
Венера МИРЛАН, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН.