Бұл шешім Маңғыстау облысы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік жедел штабтың отырысында қабылданған болатын.
«Өңірде эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Өкпе қабынуымен ауыратындар саны көбеймесе азаймай отыр, оның үстіне медицина қызметкерлерінің жетіспеуі тағы бар. Осы және басқа да түйткілді мәселелерді ескерген жедел штаб, осындай шешім қабылдауына тура келді», - делінген ақпаратта.
Көпбейінді провизорлық стационарды Маңғыстау облыстық ауруханасының базасында ашу ауадай қажет болды. Бұдан былай облыстық аурухана «Ковидтік пневмония» диагнозымен ауырған науқастарды ғана емдейді.
«Өңірдің барлық басқа медициналық мекемелеріне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастыру туралы тапсырмалар берілді. Азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қарамастан медициналық көмек алады.
Эпидемиологиялық жағдай бұрынғы қалпына келген соң, облыстық аурухана бұрынғыша науқастарды қабылдауды жалғастырады, яғни шұғыл және жоспарлы операциялар бұрынғыша жасалады», - деді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Әзірге жоспарлы оталар жасалмайды, ал науқастарға шұғыл медициналық көмектер келесі медициналық ұйымдарда көрсетіледі:
1. «Sofie Medgroup» медицина орталығында травматология, нейрохирургия және инсульт.
2. «Арчимед» медициналық орталығында кардиология, хирургия және онкология.
3. «Ясин» медициналық орталығындағы терапия.
4. «Нейрон» медициналық орталығында лор және офтальмология.