«Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет-сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек.
Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады.
Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму Жолдауынан
Өңірімізде отандық өнімнің өрісі кеңейіп, ағымдағы жылдың ақпан айында шалғайдағы Шайыр ауылында минералды су шығаратын зауыт іске қосылған-ды. Облыс әкімі Алик Айдарбаев Маңғыстау ауданына жұмыс сапары кезінде «Шайыр суы» зауытының жұмысымен танысты.
Шайырдағы бұлақтан ағатын су зауыттың іргесіндегі арнайы ыдысқа жиналып, құрамы тастардан, құмдардан ультракүлгін сәулелерден ажыратылады. Тазартылған су оттегімен байытылып, құрал-жабдықтардың көмегімен сыйымдылығы 0,5, 1,1,5, 5 және 20 литр пластикалық ыдыстарға құйылады.
–Жыл соңына дейін нарыққа 1,5 литр су шығаруды жоспарлап отырмыз. Зауытқа қажетті шикізаттың барлығы – отандық өнімдер. Мәселен, Астанадағы және Алматыдағы зауыттардан әр түрлі көлемдегі құтыларды, заттаңбаларды, орайтын пакеттерді әкелеміз. Қазіргі таңда өндіріс орнында жергілікті 27 тұрғын жұмыс жасайды. Қызметкерлеріміз арнайы оқыту курсынан даярлықтан өтті. Олардың орташа айлық жалақысы- 50-55 мың, – деді «Шетпе сулары ЛТД» ЖШС директоры Ерхат Мергенбаев.
«Шетпе сулары ЛТД» ЖШС директоры Ерхат Мергенбаевтың айтуынша, зауытта алдағы уақытта газдалған су өндіріледі. «Шайыр суы», «Мөлдір су Шайырдан» маркасымен шығатын ауыз су қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына ғана жөнелтіледі. Сұраныс мол Шайыр суы жуырда Атырау облысына және еліміздің басқа да өңірлеріне жеткізіледі. Алдағы уақытта отандық өнім облысымыздағы сауда орындарының да сөрелеріне қойылмақ.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ