171 мың халқы бар Мұнайлы ауданында ауыз су мәселесі өзекті. Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының тұтынып отырған су көлемі – 13 500 м3. Бірақ ауыз суды өз деңгейінде қамтамасыз ету үшін 21 мың м3 су қажет. «Каспий су тұшыту зауыты» тәулігіне 18 000 – 19000 м3 су өндіреді. Оның 2 000м3 Қарақия ауданында, 2 000м3 өндірістік кәсіпорындардың, қалғаны Мұнайлы ауданының еншісінде.
Жаз мезгіліне байланысты ауданның ауыз суға деген қажеттілігі артып жатыр. Ауданішілік су құбырларын бөлу және реттеу жұмыстары «Маңғыстау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен жүзеге асырылады. Кесте бойынша елді-мекендердің 74% орталықтандырылған құбыр арқылы, 26% арнаулы су тасу көліктері арқылы жеткізіліп отыр.
Маңғыстау облысының тұрғын-үй комммуналдық шаруашылығы басқармасының айтуынша, ауыз суды жеткізу тарифі – 262,4 теңге құрайды. Оның ішінде тұрғындар 1 м3 ауыз су үшін 30 теңге төлейді, қалған айырмасы облыстық бюджет есебінен субсидияланады. Сондықтан тұрғындарға ауыз суды үнемді пайдалану ұсынылады.
«Жаз мезгілі болғандықтан бау-бақшаны, ағаштарды суару үшін, судың көп бөлігі соған кетіп отыр. Себебі қыс мезгілінде адамның өзі пайдаланатын уақытта молынан жетіп, ешқандай қиыншылық туындаған жоқ. Тұрғындарға айтарымыз арзан су деп қалай болса солай крандарды ашып қоюға болмайды. 2-3 ай уақыт ішінде суды үнемдеп, түсіністікпен қарауға шақырамыз», - деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев.
Айта кетейік, ауыз суға деген тапшылықты жою мақсатында «Каспий су тұщыту» зауытының қуаттылығын 20 000 м3 - тен 40 000 м3 жеткізу жобасы орындалып жатыр. Жобаны іске қосу мерзімі 2021 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.