Бүгін Маңғыстау облысының бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық тақырыптың үздік жарияланымы» байқауының жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байқау жеңімпаздары «Zoom» бағдарламасы арқылы онлайн марапатталды. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков байқау жеңімпаздарын құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Телевизия бойынша «Маңғыстау облысының бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық тақырыптың үздік жарияланымы» байқауының қорытындысына сәйкес, І дәрежелі диплом және 70 000 теңге сыйақымен «Qazaqstan» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Аягөз Ізбасарова марапатталды. ІІ дәрежелі диплом және 50 000 теңге сыйақыға «Хабар агенттігі» АҚ «Хабар 24» телеарнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Тамара Степанова тапсырған материалдар лайық деп табылды, ал ІІІ дәрежелі диплом және 40 000 теңге сыйақы «Man`g`ystay`» телеарнасының редакторы Мереке Мусаевқа берілді. Аталған байқауға қатысқаны үшін «Хабар агенттігі» АҚ «Хабар 24» телеарнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Талғат Әділге және «Man`g`ystay`» телеарнасының редакторы Әйгерім Иманбаеваға алғыс хатжәне 20 000 теңгеден сыйақы табысталды.
Баспасөз бойынша І дәрежелі диплом және 70 000 теңге сыйақы «Егемен Қазақстан» АҚ республикалық газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі Гүлайым Дәуітбаеваға берілсе, ІІ дәрежелі диплом және 50 000 теңге сыйақыны «Тумба» газетінің бас редакторы Гульнара Мусалимова алды. Ал «Маңғыстау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Ханым Қуатова ІІІ дәрежелі диплом және 40 000 теңге сыйақыны иеленді. Сонымен қатар Mangystau media» ақпараттық порталының тілшілері – Жұлдызай Қалиева мен Махаббат Нұржанқызы байқауға белсенді қатысқаны үшін алғыс хат және 20 000 теңгеден сыйақы табысталды.
Шара соңында байқау жеңімпаздары Гүлайым Шынтемірқызы мен Мереке Мусаев барша әріптестерін бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтап, аталмыш байқауға қатысу арқылы қоршаған ортаны қорғауға аз болса да үлестерін қосқанына дән риза екендіктерін айтты. Сонымен қатар дәстүрлі байқауға қатысып бағын сынаған әріптестеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, байқаудың мақсаты – шөлді өлкедегі елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартудағы жеке тұрғындардың рөлін арттыру, жастар және ауыл тұрғындары арасында экологиялық ағарту мен насихаттау жүйесін жетілдіру, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің аймақтағы экологиялық проблемалар туралы ақпараттандыру болатын.
Облыс көлемінде жыл сайын Маңғыстау облысының 2016-2020 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасына және Маңғыстау облысының тұрғындарын экологиялық мәселелерді шешуге тарту мақсатында «Табиғатпен үндес мектеп», «Табиғатпен үндес балабақша», «Жасыл аула», «Бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық тақырыптың үздік жарияланымы», «Студенттер арасында облыстық экологиялық олимпиада» конкурстары өткізіліп келеді.
Ж.ҚАЛИЕВА