Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, қала тұрғындары!
Сіздерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын!
Биыл адамзатқа қасірет төндіріп, 1418 күнге созылған ІІ дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Жеңіске жету үшін біздің халқымыз да өшпес үлес қосты.Соғысқа 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды.Бүкіл ел тылдағы еңбекке жұмылдырылды.Жауға атылған он оқтың тоғызы біздің елімізде дайындалды. Майдандағы теңдессіз ерлік пен тылдағы қажырлы еңбектің нәтижесі Жеңіс туын желбіретті.Тарихқа қанмен жазылған аталарымыздың ерлігі мен аналарымыздың еңбегі ел есінде мәңгіге қалады. Бүгінгі ұрпақтың басты парызы - майдан даласында шейіт болған ержүрек аталарымыздың, арамызда жүрген ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін қадірлеу.
Қадірлі ардагерлер!
Жеңістің 75 жылдығын бүкіл ел көлемінде атап өту мақсатында бекітілген жалпыұлттық жоспар бойынша өтетін шаралар әлемді жайлаған індетке байланысты уақытша тоқтатылғанмен, өздеріңізге деген құрмет пен тағзым қашан да үздіксіз жалғаса береді. Сіздердің болашақ ұрпақ үшін көрсеткен қаһармандық ерліктеріңізге басымызды иіп, алғыс айтамыз. Тұлғаларыңыз ұрпаққа - айбын, өмірлеріңіз жастарға – өнеге. Денсаулықтарыңыз нығайып, арамызда ұзақ жүрулеріңізге тілектеспін.
Игі тілекпен, Ақтау қаласының әкімі Ғ. Ниязов