Облыс әкімі С.Трұмов жұмыс сапарымен Түпқараған ауданында болды. Аймақ басшысы 2019 жылдың наурызында басталған Форт –Шевченко – Таушық автожол құрылысының жұмысымен танысты. Жоба құны 865 млн теңге. Жоспарға сәйкес жол құрылысы 2021 жылдың желтоқсан аяғында тапсырылмақ. Аймақ басшысы жауапты мамандарға құрылыстық сапасына аса мән беруді тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Форт-Шевченко қаласындағы су жинау ғимаратына барды. Онда су жинау ғимаратын қайта құрылымдау, су қоймасы мен су тұщыту қондырғысын салу құрылысымен танысты. Жоба биыл мамыр айында басталды. Құрылыс алаңы 2227,4 шаршы метр. Онда таза ауыз су үшін 1000 текше метр су қоймасы, 200 текше метр тұзды су қоймасы, тұщыту қондырғысы мен модульді насос қондырылатын арнайы ғимараттар салынады. Облыс әкімінің қойған талабына сәйкес «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 45-50 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады.
Бұдан кейін С.Трұмов Е.Өмірбаев атындағы мектеп ғимаратының ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. 780 орындық білім ордасы соңғы рет 10 жыл бұрын жөндеуден өткен. Бүгінде онда жөндеумен қатар, қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жатыр. Мектеп ғимаратының бір бөлмесіне Е.Өмірбаевке арналған мұражай ашылады. Жоспарға сай мектеп ғимараты 2020 жылдың аяғында тапсырылмақ.
Бұдан кейін Жаңа Кетік шағын ауданына ауыз су желісін тарту жұмыстарын көрді. Жоба 2017 жылы бастау алған. Мамандар аяқталу мерзімін биыл мамыр айының ортасы деп отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін осы күнге дейін мәселе болып келген 1 500 жуық участок ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, аймақ басшысы Форт-Шевченко қаласы және Баутин ауылының теңіз жағалауын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бұл аумақтар болашақта туристік нысан терінде пайдаланылып, туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді.