Бүгін онлайн режимде Ұлы жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай жинақталып шығарылған «Тағзым-5» кітабының таныстырылымы өтті. Онлайн шараға облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Шараны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев ашты.
Бұл кітап Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен шығарылған, бұдан бұрынғы Жеңістің 50,60,65,70 жылдықтарына арналған «Боздақтар», «Тағзым» кітаптарының жалғасы.
Кітаптың құрастырушысы - алдыңғы кітаптарды құрастыруға атсалысқан Маңғыстау облысының құрметті азаматы Қойлыбай Қаражанов. Жинақ елі үшін құрбан болған жауынгерлер рухына тағзым етуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге, ел басына күн туғанда ажалмен бетпе-бет тұрған бабаларының ерлігін үлгі ете отырып патриоттық сезімді қалыптастыруға шақырады.
Бұл кітап – Отан соғысының отты жылдарында ортақ жаумен алысып, жанын шүберекке түйген майдангерлер мен тыл ардагерлеріне, ерлікпен қаза болып, туған жердің топырағы бұйырмаған аталарға тағзым ету үшін жинақталған еңбек.
«Тағзым» кітабына енген барлық майдангерлер мен тыл ардагерлерінің ұрпақтарына, облыстағы кітапханалар мен білім беру ұйымдарына, мемлекеттік мекемелерге кітап тегін таратылып беріледі.
Айта кетейік, Маңғыстау өңірінен Ұлы Отан соғысына 6 186 адам қатысты, оның 4 942-і соғысқа қатысса, 1 244-і жұмысшы батальонына аттанды. Осы азаматтардың үштен екісі туған жерге оралмады.