Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының міндетін атқарушы Жайсаңгүл Досполова айтты.
Атаулы әлеуметтік көмекті қайта тағайындау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық базалары арқылы деректерді тексеру жүргізіледі. Егер отбасы құрамы өзгермеген жағдайда, тағайындауға өтініш қолда бар деректер негізінде қалыптастырылатын болады. Бұл үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері 1-тоқсанда АӘК алған азаматтар үшін өз бетінше өтініш жасайды және АӘК тағайындау өлшемдеріне сәйкестігін тексереді. Барлық ақпарат, сондай-ақ хабарламалар электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы жіберілетін болады.
- 1-тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алмаған азаматтарға АӘК тағайындау үшін egov.kz порталы арқылы өтініш жіберу қажет. Әрі қарай жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері құжаттарды мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында тексеріп, нәтижесін электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы хабарлайды. Бұл ретте учаскелік комиссиялар көшпелі тексерулер жүргізбейді. Барлық қажетті құжаттарды азаматтардан электрондық пошта арқылы немесе мессенджерлер арқылы сұрататын болады, - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының міндетін атқарушы Жайсаңгүл Досполова.
Күні бүгінге дейін облыста барлығы 3 089 өтініш қабылданып, 3 089 іс учаскелік комиссияларға жолданды. Нәтижесінде 3 071 іс бойынша комиссиялардың қорытындысы шығарылып, 2 636 отбасына (14 380 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, 435 отбасына (өтініштердің 14,2%) атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды.
Атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тетіктеріне сәйкес, қаңтар айында тағайындалған отбасылардың 1-3 жастағы 1 124 балаға, 3-6 жастағы 1 394 балаға азық-түлік жиынтығы, 2 518 балаға гигиеналық мақсаттағы тұрмыстық химия жиынтықтары тағайындалды.
2020 жылдың қаңтар айы үшін 1 507 отбасының 1 жастан 3 жасқа дейінгі 1 115 балаға, 3 жастан 6 жасқа дейін 1392 балаға азық-түлік топтамасы, 1 597 балаға – гигиеналық топтама берілді.
Ағымдағы жылдың наурыздың 30-на кепілдік берілген әлеуметтік топтамалары 1-6 жастағы 3 441 балаға, 1 579 балаға гигиеналық топтама (ақпан айы үшін), барлығы 2 287 отбасының 3 441 балаға азық-түлік топтамасы, 3 176 балаға гигиеналық топтамалар берілді.