Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтаудың бас санитар-дәрігері Асима Жарылғасова мәлімдеді.
КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?
Маңғыстауда қазіргі таңда коронавирус індетін жұқтырған бір адамның денсаулығы қалыпты, өзін жақсы сезінеді. Ол бірден арнайы боксқа оқшауланды. Науқаспен бірге бортта болған жолаушылар да бірден карантинге жатқызылды.
МАҢҒЫСТАУДА КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНА ЕНГЕН ШЕКТЕУЛЕР:
• Таңғы сағат 08.00-ден кешкі 19.00-ге дейін ғана Ақтаудағы қоғамдық көліктердің (автобус, газель) қозғалысына рұқсат.
• Жеке көліктер мен жолаушылар таситын такси (егер жеңіл көлік болса) қозғалысына шектеу жоқ.
• Барлық бағыттағы қалааралық, ауданаралық қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл шектеудің жеке көліктерге қатысы жоқ.
• 657/658 «Маңғыстау-Бейнеу» бағытындағы пойызының жүруіне шектеу қойылды.
• Азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. халыққа қажеттіні тасымалдайтын кез келген көліктердің қозғалысына шектеу жоқ.
• Маңғыстау облысының аумағында жол жабылған жоқ.
ХАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ЕНГЕН ШЕКТЕУЛЕР:
• Таңғы сағат 08.00-ден кешкі 19.00-ге дейін тұрғындардың өз пәтелерінен шығуына шектеу қойылады ( тек ерекше қажеттілік болғанда ғана, дүкенге, дәріханаға, қоқыс төгуге және жұмысқа баруға рұқсат етіледі).
• Көршілердің, туыстардың, әріптестер және т.б бір-біріне баруына тыйым салынады.
• Азаматтардың қоғамдық орындарға: теңіз жағалауына, саябақтар, алаңдар, балалар және спорт алаңқайлары және т.б. баруына шектеу қойылсын.
• Кешкі сағат 19.00-ден таңғы 08.00-ге дейін аса қажеттіліксіз далаға мүлдем шығуға болмайды (ауырған жағдайда, үйіңізде төтенше жағдай орын алған жағдайда, т.б.).
• Көшеге шыққанда өзіңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлігіңіз болуы тиіс.
• Егер еш себепсіз көшеге шыққан жағдайда, құқыққорғаушылар әкімшілік шара (айыппұл) қолданады.
• Дүкен, супермаркет, базар, банктерде кезекте тұрған адамдар 1 метр арақашықтықты сақтап тұруы тиіс. Аталған жерлерге барған кезде міндетті түрде маска (бетперде) киіңіз.
• Төтенше жағдай кезінде той, садақаға және қонаққа баруға мүлдем болмайды.
• Әуе және темір жол, автовокзалдарға шығарып салушылар мен күтіп алушылардың кіруіне шектеу қойылады
ҚАНДАЙ НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫНА УАҚЫТША ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛАДЫ?
• Интернет және ойын клубтары мен өзге де халыққа қызмет көрсететін орындарға (адамдар ұзақ уақыт болатын жерлер) шектеу қойылады.
• Шаштараз, сұлулық салондары, тігін шеберханалары, банк және т.б. жұмыстарын әдеттегі уақыты бойынша жұмыс істеуіне рұқсат.
ВАХТАЛЫҚ ӘДІСПЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАТЫСТЫ
• Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер сол мекемелерге жақын жерде уақытша тұруы тиіс. Оған жұмыс берушілер жағдай жасауы қажет.
• Кейбір мұнай компаниялары жұмысшыларды арнайы залалсыздандырылып, дайындалған көліктермен тасымалдайды.