Алматы қаласындағы құрамына барлығы 40-тан астам кітапхана кіретін А.Чехов атындағы қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен сыр-сұхбат Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, публицист, маңғыстаулық Ғалым Әріптің шығармашылығына арналды. Поэзия, проза, драма, публицистика сынды сөз өнерінің барлық жанрына қатар қалам тербеп жүрген талант иесі тікелей эфир желісінде оқырман қауымға өз шығармашылығынан сыр шертіп, бүгінгі жас буынның ұлттық сана-сезімін ояту, елдік мұрат, ұлт мүддесі һәм рухани құндылықтарымызды дәріптеу турасында тұшымды ойларын ортаға салды. Онлайн кездесуді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің 4-курс студенті Айым Алтайқызы жүргізіп, сұрақ-жауап, өлең-жырлар оқу сипатында өтті.
– Ғалым Бисембіұлы, сіздің «Бір уыс топырақ» деген әңгімеңізді оқып, үлкен әсер алдық. Осы әңгімеңізде «қасымдағы досым тауларды зерттейтін геолог болуды армандаймын деді, ал менің арманым қандай?» деп өзіңізге сұрақ қойыпсыз. Сол сұрақты өзіңізге қайта қойғымыз келіп тұр. Сіздің 50 жыл бұрынғы арманыңыз қандай, қазіргі арманыңыз не?
– Өте тамаша сұрақ. Тереңдеу тарихты қозғап отырсыздар. 9-класс бітірген кезіміз. Ол кезде құрылысшылар бригадасы деген болды. Құрылыста жұмыс істеуге бел буып тұрған сәтте мен аяқасты соқырішек болып, қалып қойдым да қатарластарым құрылысқа кетті. Сонда балалар апатқа ұшырап, Аққали деген досым, тумаласым бақилық болды. Мектеп қабырғасынан өлең, мақала, новелла жазып машықтанғандықтан Аққали досым жайында әлгі әңгімені жазған едім...
Шығармашылыққа жақын адамдардың барлығы о бастан ақын, жазушы, журналист болуды армандайды. Маңғыстаудың Шебір деген ауылында туып-өскен мен асқақ Алатау баурайындағы Алматыға арман қуып аттанған едім. Әкем мен ағам ұзақ жылдар ел басқарған кісілер еді. Зооветеринарлық институтты тәмамдаған ол кісілер менің ауыл шаруашылығы саласына, не болмаса политехникалық институтқа баруымды қалады. Алайда бала күннен алға қойған өз мақсатымнан тая алмадым. 1977 жылы сынақтан сүрінбей өтіп, КазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Алматы – бәріміздің сағынышымыз, махаббаттымыз ғой. Студенттік шақта үйлендік, балалы болдық, университет бітірген соң, сонда қызмет жолын бастадық, сол үшін оңтүстік астана – мен үшін өте ыстық мекен.
– Тақырып таңдауда сіз не нәрсеге жүгінесіз? Мысалы, бір кітабыңызды төрт бөлімге бөлгенсіз, соның бірі – «Көз–көңілдің дүрбісі» деп аталады. Жалпы өлең, шығарма жазғанда әуелі тақырып қоясыз ба, әлде шығарма жазылғаннан соң тақырып туа ма?
– Сөз өнеріндегі адамның талғамы, жауапкершілігі – өте маңызды дүние. Жалпы көркем шығармада сөз қайталанбауы тиіс. Поэзияда нүкте, үтірге дейін үлкен рөл атқарады ғой. Сондықтан сөздің мән-мағынасын, ана тіліміздің мәйегін сақтап, жырдың халыққа рух беруіне ден қоюымыз керек. Қадыр Мырзалиев ағамызға кезінде екі кітабымды сыйға тартқан едім. Оралдағы Қадыр ақынның музейінде сол кітаптарым қойылыпты, мен соған таңғалдым. Жастық шақтағы өлеңдер жинағым «Дүрия-дүние» деген атаумен шықты. Кітап атауын мен емес, редактор тауып қойған. «Алматы ғазалдары» деген кітабымның атын Алматыда тұратын досым, мықты ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан қойды. Сол інім бір кездесуде «Ғалаға, біз осы жердің перзенті болсақ та, Алматыны сіз бізден артық біледі екенсіз ғой, «Алматы ғазалдары» деген бір кітап жазыңызшы» деп айтқаны бар-ды. Ол жақтан келген бойда тапжылмай жазуға отырып, бұл кітап та ақыры жарық көрді. Алматының қиял-ғажайып өмірі, жастық, студенттік шақтың естен кетпес күндері деген сияқты...
Өз басым бала күнімнен тым аз ұйықтап, көп еңбек етуге дағдыланғанмын. Әлі күнге демалыс күндерімді тарихи-танымдық кітаптар оқуға, тың дүниелер жазуға арнаймын.
Аптасына үш рет облыстық газетімізді шығарамыз. Бұл да үлкен өндіріс, саясат, қоғам... Екі жыл «Жалын» баспасында, 36 жыл облыстық газетте, бір жарым жыл Абай атындағы мәдениет сарайында қызмет еттім. «Өмірді өлшеймін мен өз бағаммен» деген кітабымның тақырыбы ұзақтау, бірақ оның өзіндік тарихы бар. Алғашқы кітаптарым жарық көргенде марқұм Сағат деген досым менің кітаптарымды қолынан тастамай оқитын. Жас кездегі дастархан басындағы көңілді отырыстарда басқа жігіттер «бұл поэзия кеші емес қой» десе, Сағат «поэзия оқымасаңдар, қалай адам боласыңдар» деп жауап беретін.
Өмірді өлшеймін мен өз бағаммен,
Адамнан жылы-жылы сөз бағам мен.
Әлдекім тасыр мінез танытса егер,
Әруақты бабамдай боп қозғалам мен.
Ұғысқан жандармен мен ашық кетем,
Жанымның жан жылуын шашып кетем,
Ізгі бір сезімімен тілдескенді,
Кіршіксіз пейіліме ғашық етем.
Ешкімнің ермесем де жетегіне,
Достармен шыңдарды асып кетемін де,
Өмірді өле сүйген өрен едім,
Пәниден патша күймен өтемін де.
– Қазір қаламыңыздан қандай тақырыптағы өлең-жырлар туындап жүр? Бүгінгі жас буын шығармашылығына берер бағаңыз қандай?
– Жалпы әдебиеттің, поэзияның мақсаты – адам жанын ізгілендіру, өмірді сүюге, елді, жерді сүюге баулу екеніне күмән жоқ. 35 жасқа дейінгі өлеңдерім негізінен лирикалық сарында жазылды. «Көзіме менің жас тұнған кезде» деген өлеңімнен бір сыр шертейін. Ер-азамат көз жасын көрсетпегені жақсы ғой, бірақ кей сәттерде көңілдің босауы, көзіңе жас келуі әлсіздік емес, керісінше оның сезімталдығын, өмірге құштарлығын, махаббатын, мейірімін көрсетеді.
Көзіме менің жас тұнған кезде, көңілімнің босап кеткені
Жүректен ыстық ағыстар сел боп, сезімнің боздап шектері,
Бүтіндей мынау тұлабойымнан ақ жауын құйып селдетіп,
анымның жайлы толқынды, Һәм қайғы шеккені..., – деп басталады...
Ал енді қазіргі әдебиет әлеміне талап қылып жүрген жастардың барлығын бірдей қадағалап отырамын деп айта алмаймын. Әйткенмен, әр түрлі басылымдардан оқып қалатыным бар. Біраз жыл бұрын «Маңғыстау қаламгерлерінің 50 томдығын» шығарған болатынбыз. Соның соңғы томына 20 шақты маңғыстаулық жас ақынның шығармалары енген. Олардың ішінде таланттылары бар екенін байқадым. Бірақ үнемі ізденіп, шығармашылығын шыңдаса ғой деп тілекші болып жүремін. Кейбіреулері күйреуік тақырыптарға бой ұрып, пессимизмге салынып кетеді. Енді бірі діни тақырыптарды қаузайды... Тағы біреулері жеке өмірін жазып кетеді...
Ақиық ақын Мұқағалидың мынадай сөзі бар: «Өзі өмір сүрген қоғамға өзіндік көзқарасы жоқ адам ақын бола алмайды» дейді. Әлбетте, лирика ешқашан қалыс қалмайды, бірақ аруақты ата-бабаларымыз, еліміз,жеріміз, өзен-көліміз, табиғат-анамыз жайында тарихи, тағылымдық шығармалар жазуға міндеттіміз деп ойлаймын.
Карантин кезінде журналистеріміздің дені онлайн жұмысқа көшті, өзім жұмысқа келіп, газет шығарып, одан қалған уақыттың бәрінде кітап оқып, шығарма жазумен болдым. Биыл Алтын Орданың 750 жылдығы екенін білесіздер. Мен бұл тақырыпты 20 жыл бойы зерттедім. Шыңғысхан туралы тарихи деректер, журналдар, газет қиындылары, қолжазбалар менде жеткілікті. Бұл – өте күрделі, ауыр әрі даулы тақырып.
Осы тақырыпқа қалам тербеуіме ел Президенті Қ.Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөніндегі батыл шешімі түрткі болды. Бұл тақырыпта әлемде қаншама роман жазылғанымен, поэма жазылмаған тәрізді. Осынау жүрек дауаламайтын тақырыпты нақты дерек-дәйектерге сүйене отырып жазып шығуға тәуекел еттім. Қазір 90 беттік толғауым аяқталып, баспаға тапсырылды. Кітаптың аты – «Алтын Орда–Қазақ елі» деп аталады. «Шыңғыс ханның өсиеті», «Жошының жойқын жорықтары», «Батудың Батысты бағындыруы» т.б. тармақтары бар.
«Өзектегі өкініш», «Түйін немесе иісі қазаққа ой салу» деген бөлімдерде елді, жерді қорғау үшін не істеу керек, ынтымақ пен ауызбіршілік, ата дәстүрді сақтау қажеттігі жыр арқауына айналады, ел еңсесін түсірмей, рухының үстем болуы көзделеді.
– Сіздің поэзияңыздан өмірге құлшынысты, адамды сүюді, ізгілік пен сүйіспеншілікті айқын сезінеміз. Абай атамыздың даналық ойларымен астасып жатқандай әсер қалдырады. Қалам ұстаған жанға, ең алды- мен, қандай қасиет керек деп ойлайсыз?
– Мектепте оқып жүргенде қабырға газеттерін шығаратынбыз. Тіл-әдебиет, тарих, қоғамтану, астрономия пәндерін сүйіп оқыдым. Спортпен, өнермен де шұғылдандым. Әдебиетке деген құштарлығым жоғары болды. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға аз-кем мақалалар, новеллалар жазып жүрдім. Оқушы кезден-ақ түрлі мәселелер бойынша өз ой-пікірімді ашық айтуға, көзқарасымды білдіруге машықтандым. Жалпы қай қоғамда, қай ортада жүрсең де өзіндік көзқарасың, пайымың болуы керек. Ол үшін алдымен терең білім керек. Жатпай-тұрмай оқымасаң, ізденбесең, алысқа бармайтының белгілі. Қаламгердің қаламымен қоса өресі мықты, ұстанымы нық, көзқарасы айқын болуы қажет. Осы ретте сонау Алматыдағы А.Чехов кітапханасының қызметкерлеріне еліміздің түкпір-түкпірінен шығармашылық иелерін іздеп тауып, онлайн кездесу ұйымдастырғанына ризамын.
– Қадыр ақын сіз жайында «Үндемей жүріп-ақ, аттандамай-ақ, айғайламай-ақ армандарына қол жеткізген ақын» деген екен. Ұлтқа, елге қызмет ету, әрине, өте маңызды іс, дегенмен ұлтқа қызмет ету үшін жақсы жар тауып, ізгі ұрпақ өсіру де қажет болар. Бибігүл жеңгемізбен қалай таныстыңыз, отбасылық өміріңіз, балаларыңыз жайында айтып берсеңіз.
– Мен Маңғыстау ауданының, ол Бейнеудің тумасы. Туған жерде таныстығымыз басталып, одан әрі Алматыда оқуға түскенде жалғасып, бас-аяғы алты жылдай бір-бірімізді танып-біліп, содан соң отау көтердік. Ойлап отырсам, сонда өткен жастық дәурендегі отбасылық өмірімізде 10 шақты пәтер жалдап тұрған екенбіз. Жалпы өзімді өмірде бақытын тапқан адаммын деп санаймын. «Ер-азамат екі нәрседен қателеспеуі керек: бірі мамандық таңдаудан, екіншісі жар таңдаудан» деген сөз рас екен. Мен осы екеуінен де қателеспедім. Жұбайым – балалар дәрігері. Ұзақ жылдар шағын аудандарда бөлімше дәрігері болды. Жалпы жігіт пен қыз ертерек өз теңін тауып, өмірдің ащы-тұщысын бірге көруі керек деп ойлаймын. Менің ағам мен інім ауылда, әке-шешеміздің жанында болды. Мен 16 жасымнан саяқ кеттім, жырақта жүрдім. Осылайша өмірдің сан-қилы соқпағынан өтесің. Сол қиындықтардан сабақ алып, өмір-дариясында бірге жүзген жұбайым туралы «Бибігүл» атты поэма да жаздым. Бұл – шын сүйіспеншілігімнен шыққан туынды. Мезгілінде үйленгесін, балалар да тез есейді. Үлкен ұлым Рауан Алматыда политехникалық институтта білім алды. Ұлым жастайынан зерек болды, 1-ден 3-сыныпқа өтіп, дарынды балаларға арналған мектепті аяқтап, 114 балл жинап, жоғары оқу орнына түсті. Қызым Раушан да политехникалық институтты үздік бітірді. Сонда жүріп «Ана тілі» аруы атанды, «Хабар» арнасында, республикалық мекемелерде абыройлы қызмет етіп келеді. Кенже қызым Шәрбану Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін қызыл дипломмен түгесті. Мектепте жүрген кезінде ән айту мен мәнерлеп оқудан облыстық, республикалық сайыстарда жеңімпаз, жүлдегер болды.
Тегінде ыдыс-аяқ сылдырламайтын үй болмайды. Жас кезде әркімнің мінезі, еркелігі бірден кете қоймайды. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің мәні де осында ғой. Жас кезде бәрін бірдей жете түсіне қоймайсың. Уақыт өте келе ненің пайдалы, ненің зиянды екенін бағамдайсың. Барлық кезде шыдамдылық, сабырлылық керек екеніне көз жеткізесің. Шариғатта Алла тағаланың 99 есімі бар дейді ғой. Оның өзі – тұнып тұрған философия. Мысалы, 33-інің аты – Ғалым екен. Өйткені VIII-IX ғасырларда араб елдерінде ғылым қатты дамиды, данышпан, ойлы кісілерді құрметтейді. Мемлекет ісіне тартады. Ал 66-сының аты – Сабыр. Себебі сабыр болмаса, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың. 1981 жылы үйленген кезімізде, үстел үстіне қоятын тілек бұрышындағы альбомға тойға келген достар, қонақтар тілектерін жазды. Келесі күні таңертең осы альбомға әкеміз не жазды екен деп қарадық. Әкем соғыс көрген, ел басқарған ақылман кісі еді. «Бақытта ақылға қонар» деген бірақ ауыз сөз жа зыпты. Адамзат баласы ақыл, парасат, сабыр арқылы ғана үлкен жетістіктерге, бақытқа, табысқа жете алады екен. Жас кезде адам албырттықпен осының мәнін түсіне қоймайды.
– «Мен сүйіп оқыған кітап» деген тұрақты айдарымыз бар. Соңғы оқыған сүйікті кітабы ңызды оқырманға ұсынсаңыз.
– Соңғы 7–8 жылда тарихи шығармалар жаздым. «Алтын Орда – Қазақ елі» атты кітабым – соңғы жазылған туындым. Бұл шығарманы жазу үшін көптеген тарихи кітаптарды ақтаруға тура келді. Бірнеше кітапты бірнеше қайтара оқып, зер деледім. Осы орайда О.Сүлейменовтің «Арғы заманғы түркілер» деген кітабын зейін қоя оқып, көп жәйттарға түсіндім. Қадырғали Жалайридің Шыңғысхан және оның ұрпақтары туралы кітабы бар. Әнес Сарайдың «Ноғайлы» деген кітабын да бірнеше рет сүзгіден өткіздім. Бұл тарихи кітаптар, бұдан бөлек оқыған танымдық кітаптар да бар. Оның бәрін тізбелеп жатпайақ қояйын.
Жастарға орайы келгенде айтарым, адамды биік мақсатқа жеткізетін тек қана кітап. Кітапханашыларға өз басым жоғары құрметпен қараймын, олар біздің алтын қазынамызды кіршіксіз күтіп ұстап отыр. Егер өскелең ұрпақ кітап оқымай, алақандай ұялы телефонмен босқа күн өткізер болса, – біздің болашағымыз да бұлыңғыр болғаны. Дей тұрғанмен бірте бірте кітап, газет оқу мәдениетіне қайта ораламыз. Қазір шетелдерде осындай рухани серпіліс бар. Америка, Еуропа, Жапония халқы таңертең газет-журнал қарауды дағдыға айналдырды. Біз қазір өтпелі кезеңде тұрмыз. Балалардың бәрі телефонға әуестеніп, интернетке иек артып кетті. Бұл бір жағынан денсаулықтарына әрі сана-сезімдеріне де кері әсерін тигізіп жатыр. Бірақ түбі кітапқа ораламыз. Кітап оқыған адамда рух та, сезім де, сүйіспеншілік те жоғары болады. Елжандылық та осы кітап оқып, біліммен сусындағанда туады. Түбі осыған келуіміз керек. Кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ұрпақты осыған тәрбиелеуге бәріміз атсалысуымыз қажет деп білемін.
– Уақыт бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбатты қағазға түсірген
Жайық НАҒЫМАШ