Өздеріңізге мәлім, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы – еліміздегі жастардың дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Осы тұрғыда бағдарламаның бүгінгі жай-күйі жөнінде «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ТҰЯҚОВПЕН сұхбат жүргізген болатынбыз.
– Бауыржан Орынбайұлы, өңірімізден «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алған санаулы жастардың бірісіз. Шетелде білім алуға деген құштарлық неден басталды?
– «Болашақ» бағдарламасы егемендіктің ел жастарына берген ең үлкен сыйы деп айтар едім. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл халықаралық бағдарлама жастарымыздың шетелдік беделді оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндік берді. 1993 жылдан бері 13 мың жастың шетелде білім алуына жағдай жасалып, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашылды. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп келеді. Еліміздің дарынды жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналды десек артық болмас.
Мен 2016–2018 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Ноттингем университетінің «Мемлекеттік саясат» магистратурасында оқып, бітірдім. Жалпы, шетелде білім алу – менің студент кезімнен арманым еді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетін 2008 жылы аяқтап, ауылға оралып, 2009 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрмін. Қызметімді атқарып жүрсем де, студент кезгі арманым еш уақытта ойымнан шыққан емес. Жыл сайын құжаттарымды тапсыру уақыты жақындаған кезде әр түрлі жағдайлар себепкер болып, ол мақсатым кейінге қалып жатты. Сәті оңынан туып, 2015 жылы көптен көкейімде жүрген мақсатыма тәуекел етіп қадам жасауға шешім қабылдадым. Елордаға барып, құжаттарымды тапсырып, барлық сы- нақтардан сүрінбей өтіп, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атандым.
- Бәрекелде, сіз үшін шетелде білім алу қандай өзгеріс әкелді және оның нәтижесі қандай болды?
– Айтарлықтай үлкен өзгеріс болды деп айту қиындау. Жалпы бұл бағдарлама маған ағылшын тілін меңгеру арқылы дүние жүзінің білімі мен ғылымына қол жеткізуіме және әр түрлі мәдениет пен жаңа технологияларды көруге мүмкіндік берді. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда ғылым мен білім дүние жүзі бойынша ағылшын тілінде. Сол себепті бүгінгі таңда осы тілді жетік білудің маңызы зор. Мәселен, Сингапур мен Оңтүстік Корея елдері кезінде қарапайым және кедей ел бола тұра, ағылшын тіліне ден қоюдың арқасында, қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Алдағы уақытта біздер де бәсекеге қабілетті болу үшін шет тілдерін білуді басты мақсатқа айналдыруымыз керек деп ойлаймын. Оқуды аяқтап, елге оралып, өңірдегі жастармен жұмыс қызметін жаңа деңгейге көтеріп, ең бастысы жастарды өзін-өзі дамытуға ынталандыру мен білімді болуға шақыратын жұмыстарға басымдық берілді. Нәтижеге келер болсақ, әлі де үйренеріміз көп. Бағдарлама арқасында тілден бөлек жаңаша ойлау, жаңа сана, тың серпіліске ие болу баға жетпес ерекше жағдай болды. Содан болар, 2018 жылы оқуымды бітіріп келген соң «Қазақстан Республикасының Үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсына қатысып, нәтижесінде жеңімпаз атандым. Осы конкурсқа қатысу барысында бірнеше кезеңнен тұратын сынақтардан өттім. Әрине, шетелде алған білімім мен жеңіске деген талпыныс арқасында осындай биік жетістік- ке қол жеткізуге мүмкіндік туды.
– Сіздің ойыңызша, маңғыстаулықтар «Болашақ» бағдарламасына қатысуға қаншалықты белсенді және осы бағдарламаға қатысуға ниет білдірген азаматтар қандай ерекшеліктерге назар аударуы қажет?
– Шындығын айтқанда, бағдарлама бойынша оқу бітіріп келген барлық түлектер жиынтығында маңғыстаулықтардың үлесі жобамен айтқанда 1 пайыздан асады (2018 жылға), әрине, бұл – аз көрсеткіш. Осы орайда жастарға осы бағдарламаның мүмкіндігін пайдалануға шақырамын. Мысалы, ауылдық елдімекендердің үміткерлері үшін арнайы ерекшелік қарастырылған, олар алдын ала тілдік дайындықтан өте алады. Бұл ауыл жастары үшін үлкен қолдау деп есептеймін. Ең бастысы, бағдарламаға құжат тапсырар алдында әр адам өз-өзіне сенімді болуы керек. Себебі бұл кішкентай батыл қадам сені үлкен даңғыл жолмен арманыңа жетуіңе мүмкіндік береді. Келесі мәселе – ол тіл білімі. Егер бағдарламаның стипендиаты болуды мақсат етіп жүрсеңіз, онда шет тілін меңгеруді бүгіннен бастау керек. Себебі көптеген азаматтар осы тіл сынағына келгенде қиналып жатады. Соңғысы, барлық тапсырылатын құжаттар конкурс талаптарына сай болуы қажет. Қазір «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидалары қабылданып, оған сәйкес үміткер бұрынғы 6 кезеңнің орнына 3 кезеңнен, яғни кешенді тестілеу, тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерімен сұхбат және республикалық комиссия отырысынан өтеді. Құжаттарды қабылдаудан бастап тағайындалғанға дейінгі бүкіл процесс автоматтандырылған және үміткер электрондық жүйедегі жеке кабинетінде өз нәтижелерін қадағалай алады.
– Бәсекеге қабілетті болудың маңыздылығын жоғарыда атап өттіңіз. Ол үшін әр азамат не істеуі қажет?
– Елбасы Н.Назарбаев «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп ерекше атап өтті. Осы орайда қазіргі заманғы талаптарға сай талантты да талапты ұрпақ тәрбиелеу – табысты елдің кепілі.
Қазір бәсекеге қабілетті болу үшін, ең алдымен, адам білімді болу керек екені айтпаса да түсінікті. Американың мемлекет қайраткері Бенжамин Франклин «Білімге салынатын инвестиция әрқашан артық пайыз береді» деп тектен-текке айтпаған. Әрбір жас азаматтың өзін-өзі жан-жақты дамыту тетіктері, олар – кітап оқу мен білім алу. Ал бұлар, ең алдымен, адамның еңбек етуге қажет дағдылары мен машықтарды қалыптастырады. Әрбір жас азамат өзін-өзі дамытуда бірнеше принциптік қадамдарды әркез іске асыруы қажет, атап айтқанда әр уақытта ізденісте болып, жұмыстан тыс уақытта өз көкжиегіңді кеңейту. Мысалы, дүниежүзілік экономикалық форумның пайымдауынша, қазір кешенді мәселелерді шешу мен критикалық ойлау мен талдау – маңызды машықтардың бірі. Ал бұл дағдылар – тектен-тек адамда қалыптаспайтыны белгілі, ол тек жан-жақты білім мен әр уақыттағы ізденіс арқылы қалыптасады. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ерекше аталып өткендей, қазіргі таңда табысты болудың ең басты факторы ол – білім, яғни ол әр азаматтың алға басуына жағдай тудырып, жетістікке жеткізеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі. Бүгінгі таңда, өркениет көшінен қалып қоймай, заман талабына сай алға жылжуымыз керек. Сондықтан әрқашан жаңашыл үрдістерге бей-жай қарамауымыз керек, керісінше оларға тез бейімделуіміз қажет.
– Жаңашыл үрдістерге бей-жай қарамауымыз керек деген пікір айттыңыз. Қазір мемлекеттік қызметшілер үшін халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникация құралдарын тиімді пайдалану міндеттері жүктеліп отыр. Осы бағытта ауданда қандай жұмыстар бар?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында аудан көлемінде азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын іске асыру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында ашықтықты қамтамасыз ету үшін аудандық әкімдік ғимаратында «Қарақия – адалдық алаңы» жобалық офисі ашылып, жақында «Сервистік әкімдік» кеңсесі іске қосылды. Жуырда өңір басшысы С.Трұмов «сервистік әкімдікке» келіп, жұмысымен танысып, қызметіне сәттілік тіледі.
Ауданымызда әрбір мемлекеттік қызметкер, ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алу принципімен жұмыс жасайды. Осы орайда ауданға қызметке келген соң екінші қабатта орналасқан жұмыс офисімді бірінші қабатқа түсіріп, ол «open space» яғни ашық кеңістік форматында. Кез келген тұрғынның сырттан күтпей емін-еркін кабинетіме кіруіне мүмкіндік жасалған. Осы секілді жұмыстар өте көп. Менің ойымша, жұмыстағы басты ерекшелік, ол халықпен тығыз байланыс орнатып, қарапайым адами қарым-қатынас жасауға мән беруіміз керек.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ