Жолдыбай Жұмаев Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Теңіз академиясының профессоры, техника ғылымдарының докторы, Новороссийск қаласындағы адмирал Ф.Ф.Ушаков атындағы мемлекеттік теңіз университетінің түлегі.
- Жолдыбай Жұмаұлы, әңгімеміздің негізгі өзегі - жастардың білімі, жас мамандардың болашағы туралы, сізге бір сауал қойғым келіп отыр. Тәуелсіз Қазақ еліміздің бүгінгі жастары қандай болуы керек?
Жастардың бәріне бірдей жоғары білім керек пе? Жалпы болашақта жақсы азамат болып шығу үшін баланы неге үйретуіміз керек деп ойлайсыз?
- Рахмет! Сіздің сұрағыңыздың жауабы «Мұхамедтің 1001 Хадисінің 126-тармағында былай жазылған екен: «Білімді, мейлі ол Қытайда болсын, меңгер, себебі білімді болу әр мұсылман үшін міндетті».
Білімді болғанға не жетсін, бірақ, ол білімді әрдайым толықтырып, жаңартып отыруға, сондай-ақ қабілетіне және жеке қасиеттеріне қарай өзгеге беріп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Меніңше, ата-ана баланың болашағын жастайынан көріп, оқытып білім беруге, ал егер оған жағдайы болмаса, баланың талпысына қарай жақсы бағыт сілтеуге тиіс. Жалпы, түсінген адамға, балаға тәрбиені ұқыпты, дұрыс беру - істің ең үлкені.
Болашақта балаңыз жақсы азамат болып шықса, сіздің оның санасына ақылды дұрыс сіңіргеніңіз, бірақ уақыт өткізіп алып, «қап» деп жүргендер де жеткілікті. Біз өскелең ұрпаққа бала кезінде «үлкен азамат бол» деп ақыл айтамыз, кейін сол жастарға «Адамды адам қылған еңбек!» деп үстемелеп нақыл айтамыз. Негізінде біз олар үлкейе бастағаннан «Адамды азамат қылған еңбек» деген сөзді құлағына құя беруіміз керек. Өйткені Адамды адам қылған Алла тағала! Енді сол адам болып жаралған жанның еңбек ету арқылы Азамат атануы қажет.
Кей ата-ана баласын өздерінің біліктілігімен, өзі дұрыс санаған бағытта оқытады, бұндай тәрбие үнемі дұрыс бола бермейді. Себебі, қоғамда болып жатқан өзгерістерден ешқандай мағлұматы жоқ және кез келген сұраққа жауап беруге дайын емес балаға тарихтың, әдебиеттің, саясаттың оқуын оқытып керегі қанша? Мектепті «үш» деген бағамен зорға бітіріп шыққан балаға атом, физика, кибернетиканың тағы қажеті бола қоймас. Кішкентайынан көп ақшаны немесе бай болуды армандаған баланы органның, соттың оқуына даярлаудың да реті жоқ, өйткені ондайлар қолындағы мүмкіндіктерін өз бастарына пайдаланып, қоғамға зиянын тигізуі мүмкін.
Иә, кейбір ата-ана болашағынан жақсы үміт күтіп, баласын оқуға береді, бірақ көбейту таблицасын білмейтін баланы болашақта үйреніп кетер деп, қаржыгердің немесе инженердің оқуына беруіміз дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Жоғары оқу орнының мұғалімдері көбейту таблицасын үйретпейді, себебі оның бағдарламасы сол таблицаны жаттап келген балаларға арналған. Ал, енді осындай балалар, жоғары оқу орнында кездесетінін көріп жүрміз және солар үшін оқытушылар көп жағдайда басшылықтан сөз естуге мәжбүр болады. Мектепте 10 жыл оқымаған бала, университетте 1 ай қосымша оқып, саналы болып кетеді дегенге кім сенеді?
Жастарының қай бағытқа құлшынып тұрғанын ауылдың үлкендері дер кезінде тани білуі керек және көмекті сол бағытта беруге тырысқаны жөн. Әр бала ұядан ұшқанша екі көзі жәудіреп ата-анасына бағынышты болады. Бізді көбінесе біліммен көзге түсіп, жанып келе жатқан баласының талабын қоштап, ары қарай лаулата жағудың орнына, ата-анасының «сенен осы не шығады дейсің»-деп болашағына сенімсіздік танытуы қынжылтады. Оқуға талпынып жүрген жас бүлдіршінге ең алдымен осы қиын.
- Тәуелсіз елдің теңізшілерін даярлап жатқан іргелі оқу орнысыз, оқуға түскен қазақтың жас студентеріне не айтасыз?
- Студенттерге сабақ бергенде әр сабақтың алдында 5 минут тәрбиеге көңіл бөлеміз, бірақ жалпы жастарға айтарым: «Білімсіз бірді жығады, білімді мыңды жығады». Осы мақалды барлық пән оқулықтарының 1-бетіне жазып қойса, ашқанда бірден көзі осыған түссе, шіркін! Қазір уақыт көзді ашып жұмғанша зымырап, заман тынысы күн сайын өзгеруде, сондықтан көштен қалып қоймауымыз керек.
Тәрбиені өз тілімізде үгіттеуіміз керек. Еліміздің болашағы - өзіміз тәрбиелеген, өзіміз тәрбиелейтін жастардың қолында емес пе? Біз жастарды намыс пен патриоттыққа, өзге елде білім алсаң да, өз елін сүюді, өз жеріңде еңбек етуді, өз дініңді ұстануды ерінбей үйретіп келеміз. Егер, әр сабақта осыларды, есіне салмасақ, біздің өрімдей жастарымыз бөтен елдің кадрларының қол астында мәңгілік қалып қоюы мүмкін. Бірақ, олардың бәрінің бірдей көңілдеріне тиюге болмайды, олардың арасында ата-анасына, тумаласына, ағайынына өз көмегін тигізіп, өз тілі мен дінін таза ұстап жүрген жастар басымырақ.
- «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып білімін шыңдап келуге себепкер болған оқытушыларды бастап барып келіпсіз, бұл жөнінде не айтасыз? Қандай кәсіби мамандар дайындайсыз?
- Өзіңіз ойлаңыз, 5 мемлекеттің шекарасын құрап, шалқып жатқан ұлы Каспий теңізінің жағасында өмір сүріп жатқан біздің облыста, өзімізден шыққан су маманы өте тапшы! Бұл естір құлақ қызаратын нәрсе. Осы мәселе мені қатты толғандырды. Бұл оқу орнының ашылуына себепкер болған - «Болашақ» бағдарламасы.
2013 жылдың маусымында, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында көлік, көліктік техника және технологиялар бағыты бойынша Нидерланды еліндегі Виллем Баренц атындағы Халықаралық Теңіз Институтының жанынан (Терсхеллинг қаласы) тағылымдамадан өту үшін «Теңіз техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша университеттің 3 оқытушысы, атап айтар болсақ, Ж.Жұмаев - «Кеме жүргізу», Б.Сәтжанов - «Кеме энергетикалық қондырғылары» және Э.Cмағұлова - «Кеме электр жабдығы мен автоматикасы» мамандығы бойынша халықаралық стипендиат атанды.
Осы аталған мамандықтардан басқа теңіз-өзен порттары бойынша инженер мамандар дайындауға мүмкіндік туды. Бұйырса, Теңіз академиясының алғашқы қарлығаштары 2021 жылдың жазда дипломдарын алатын болады.
- Голландияның Гаага қаласында Елбасымен қалай кездестіңіз және Теңіз академиясының материалдық техникалық базасы қазіргі таңда қандай жағдайда?
- 2014 жылдың 22 наурызы күні Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Гаага қаласына Саммитке барды. Сол жерде шетелде оқып жүрген біз үшеуміз Елбасымен кездесту мүмкіндігіне ие болдық. Кездесу өте жоғары дәрежеде өтті. Сол кісінің арқасында біздің университетімізге Нидерланды елінің WAGENBORG Royal компаниясының атынан нарыққа сай кешенді кұрылғылары көмек ретінде берілетіндігі туралы Меморандумға қол қойылды.
Мен Қазақстан жағынан Есенов Университетінің атынан, Фабио Джиурато Нидерланды жағынан WAGENBORG Royal компаниясының атынан, «Теңіз көлігіне мамандар дайындау бойынша білім аясында Нидерланды-Қазақстан елдері арасындағы ынтымақтастыққа», яғни құны бір млн.евро тұратын Жобаға қолдарымызды қойдық.
Осы Меморандум негізінде 2015 жылы Университетімізге Вагенборгтың Қазақстандағы Ақтау филиалы директоры Ф.Джиурато өз мамандарымен бірге келіп, өте құнды кешенді кұрылғыларды компаниясының атынан Теңіз академиясына құрастырып қондырып берді. Бізге, (Жұмаев, Сәтжанов және Э.Cмағұлова) - Нидерландыдан УБТИ бітіріп, диплом алып келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері ретінде инструктор болып қызмет атқаруды міндеттеді. Себебі біз шетелден осы қондырғыларды жүргізетін инструктор маманының дипломын алған болатынбыз.
Норвегияда жасалған ол құрылғылардың ішінде кемежүргізуші-инженер дайындайтын «POLARIS» атты навигациялық мостик кешенді қондырғы тренажері, «NEPTUN» атты кемеге инженер-механик дайындайтын машина бөлімшесі тренажері және кемеге инженер-электромеханик дайындайтын машина бөлімшесі тренажері болды. Осы тренажерлардың арқасында елімізде бірінші рет мемлекеттік оқу орнының базасында Теңіз академиясы ашылды.
Жоғарыдағы Kongsberg компаниясының тренажерларынан басқа бұрын материалдық техникалық базамыз Ресейдің Транзас компаниясы арқылы - Кемеге радиоинженер дайындайтын ГМССБ-4100, кемеге судомеханик дайындайтын СЭУ-4000, танкерге арнайы маман дайындайтын LCHS-4000 және кемеге штурман дайындайтын NTPro-4000 тренажерімен толықтырылды.
Бұлардан басқа Есенов Университетінің өзінің күшімен 5 практикалық-лабораториялық кластарды жасақтаған болатынбыз. Кемеге арнайы құтқарушы маман, өрт сөндіргіш маман, алғашқы дәрігерлік көмекке дайындайтын, вахтаны жүргізетін матрос және вахтаны жүргізетін моторист дайындайтын тәжірибелік кластар. Қорыта келгенде, осы академияның ашылуына жоқтан бар жасап, өз күшімізбен, маңдай термен қол жеткізген осындай құнды материалды техникалық базаларымыз негіз болды.
Бұл академия еліміздегі теңізшілер дайындайтын ең алғашқы мемлекеттік оқу орны болып табылғандықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 14 сәуірінде Маңғыстауға келген сапарында арнайы Теңіз академиясына келіп, болашақ теңізшілермен сұхбаттасып, оқу-жаттықтыру орталығында студенттердің тренажерларда жасаған жұмыстарын көріп тамашалады.
- Теңіз академиясы түлектерінің - елімізге, Каспий теңізінің - Қазақстан секторына қажеттілігі қандай?
- Біріншіден, Каспий теңізінің Қазақстан секторында жүзіп жүрген үлкен салмақты кемелер мамандарының жартысынан көбі шетелдік және көрші ресейлік мамандар. Ақтау халықаралық теңіз сауда портында да көбіне өзге елден келген мамандар жұмыс істейді. Шетел және жергілікті су қатынастары компанияларында істейтін жергілікті мамандар өте аз.
Екіншіден, теңізіндегі мұнай таситын 12 000 тонналық танкерлер экипаждарының қатардағы және командалық жүзу құрамы әр 5 жыл сайын Ресейден даярлау және қайта даярлаудан өтіп тұрады. Бұған кететін қаражат шығынында есеп жоқ. Осының бәрін таразылай келе жергілікті маманға қажеттілік туындап, Теңіз оқыту-жаттықтыру орталығы ашылған болатын. Орталықтың басты мақсаты студенттердің және оқимын деп келген кез-келген маманның кәсіби деңгейін арттыру, қайта даярлау, яғни халықаралық стандартқа сай кәсібилігін дәлелдейтін куәлік беру.
Үшіншіден, мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып аз қамтылған отбасыларға жағдай жасау.
Төртіншіден, ҚР даму және инновация министрлігі және ҚР Білім және ғылым министрлігі Теңіз көлігі кадрларын даярлау жүйесін халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін елімізде, яғни теңіз жағасындағы басқа елдер сияқты Ақтауда да теңіз оқу орталығы және теңіз академиясы болуға міндетті.
- «Болашақ» бағдарламасын бітірген соң, оқу орнында қандай өзгерістер болды? Қазіргі таңда алған біліміңізбен студенттердің біліктілігі мен кәсібилігін қалай көтеріп жатырсыздар? Нәтижесі қандай?
- Сөз жоқ, оқу орнында түбегейлі өзгерістер болды. Сілкініс, серпіліс, шапшаң қозғалыс жасап, ісіне тиянақты, өз кәсібін терең меңгерген мамандарды жұмысқа қабылдадық. Жаңа стандарттық жүйені мұғалімдер тез меңгерді және осы халықаралық стандартты студенттерге үйрету үшін әр оқытушыға тиісті талап қойдық.
Студенттерге Нидерландыдағы «Виллема Варенца» атындағы теңіз институтындағы оқыту бағдарламасы жан-жақты түсіндіріліп, әлі күнге дейін алып келген материалдарымызды, видео-аудио, лекция, тәжірибелік жұмыстарымызды оқытумен келеміз. Қазіргі таңда, үйренгеніміздің барлығын жүзеге асырдық деп айта аламын. Басшылар білім беру барысындағы жетістіктерімізге қанағаттанады деп ойлаймын.
Халықаралық теңіз ұйымының Ережелері бойынша білім алу үшін шетелге барып келген мамандарымыз оқулық кітаптар, оқулықтар, мақалалар жазып, студенттер бен магистранттарды тек білімге емес, ғылыммен шұғылдануға да тартып жүр. Олардың оқытқан балаларының республикадан 1 орын алып, төс белгісін иеленуі, диплом мен серификаттар алуы – біздің жетістігіміз деп ойлаймын. Соңғы жылдары біз колледждер мен мектептерге де өз үлесімізді қосып, алғысқа бөленіп жүрміз.
Ресей мемлекетімен шарт жасап, студенттер кеме жүргізу, кемежүргізуші инженер мамандықтары бойынша біліктілікке ие болды. Қосымша қауіпсіздік бойынша бастапқы дайындық, жылдам жүрмейтін кезекші шлюпка, құтқарушы шлюпка және плот бойынша мамандығы бойынша халықаралық куәліктерге ие болды. Кеңейтілген бағдарлама бойынша өртпен күреске дайындық, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету бойынша дайындық, күзет бойынша дайындық, вахталық матрос мамандықтары бойынша біліктілігін арттырды.
Кеме энергетикалық қондырғыларын пайдалану мамандығы бойынша, біліктілігін арттырып, кеменің инженер-механигі және қауіпсіздік бойынша бастапқы дайындық, жылдам жүрмейтін кезекші шлюпка, құтқарушы шлюпка және плот бойынша маман, кеңейтілген бағдарлама бойынша өртпен күреске дайындық, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету бойынша дайындық, күзет бойынша дайындық, вахталық моторист мамандықтарының қосымша кәсіби куәліктеріне ие болды.
Кеме электр жабдықтарын және автоматика құралдарын пайдалану мамандығы бойынша, кеменің инженер-электромеханигі, қосымша қауіпсіздік бойынша бастапқы дайындық, жылдам жүрмейтін кезекші шлюпка, құтқарушы шлюпка және плот бойынша маман, кеңейтілген бағдарлама бойынша өртпен күреске дайындық, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету бойынша дайындық, күзет бойынша дайындық, вахталық электрик мамандығы бойынша біліктілік арттырып, халықаралық кәсіби куәліктерге ие болды.
Порттың тиеп-түсіру құрылғыларын және көлік терминалдарын пайдалану мамандығы бойынша, порт инженер-механигі және қосымша қауіпсіздік бойынша бастапқы дайындық, жылдам жүрмейтін кезекші шлюпка, құтқарушы шлюпка және плот бойынша маман, кеңейтілген бағдарлама бойынша өртпен күреске дайындық, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету бойынша дайындық, күзет бойынша дайындық, жағадағы матрос-моторист-электрик маманының халықаралық кәсіби куәліктеріне ие болды.
- «Теңізші» мамандығының басқа мамандықтардан ерекшелігі қандай?
- Жоғарыда аталған төрт мамандықта оқитын студенттердің барлығы грантта оқиды. Жыл сайын 100 грант бөлінеді. Студенттер түгелімен әскери кафедрадан өтіп, лейтенант дәрежесін алып шығады. Барлық студентке инженер біліктілігі беріледі және олар 5 жыл оқиды, себебі 1 жыл теңізде, портта практикада болады. Бір ерекшелігі, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін студенттерді шетелге жіберіп оқытамыз.
Біліктілігі жоғары теңізші мамандарды даярлау бір ғана оқу орнының емес, елдің мерейін өсіретін іс. Сондықтан тәуелсіз еліміздің теңіз қақпасы саналатын көк айдынның бейбіт мақсаттағы берік көліктері - кемені басқарушы азаматтардың қолына білікті кәсіби мамандық куәлігін ұстату жолында барынша талаптанып, осы бағытта жұмыстанып жатырмыз.
- Құрметті Жолдыбай Жұмаұлы, сұхбатыңызға көп рахмет. Өз әңгімеңіз арқылы «Төртінші революциялық бағдаламаны», теорияны тәжірибемен ұштастырып жатқандарыңызға оқырмандардың көзін жеткіздіңіз ғой деп ойлаймын.
Теңіз академиясы оқимын деп талпынып тұрған жастарды тек қана теңізшіге қажет біліммен ғана емес, азамат ретінде тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып келеді екен, соған қуаныштымын.
Сұхбаттасқан Үміт ЖӘЛЕКЕ