Бүгін 11 наурыз күні Маңғыстау облыстық самбо федерациясының вице-президенті болып Борашев Алтай Сағынтайұлы тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz өңірлік самбо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алтай Борашев 1979 жылы 16 желтоқсанда Атырау облысы Атырау қаласы, Балықшы ауылында дүниеге келген. 30 жылдан астам уақыттан бері Ақтау қаласында тұрады. Білімі - жоғары. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2006 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін тәмамдаған.
2001-2004 жылдары Маңғыстау облысының Әділет департаментінде жетекші және бас маманнан бастап, бөлім бастыққа дейін қызмет атқарды.
2004-2010 жылдары Ақтау қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік құқықтық бөлімінің заңгері, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» бөлімінің бастығы, Маңғыстау облысы әкімі кеңесшісінің Инвестициялар және сыртқы экономикалық қызмет мәселелері жөніндегі көмекшісі, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің және кадр жұмысының бастығы, мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Ақтау қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметінде болды.
2010-2012 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің аппаратында МО әкімі аппаратының бас инспекторы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.
2012 жылдан 2019 жылға дейін «Каскор-Транссервис» АҚ Бақылау органының төрағасы, «Каскор-Транссервис» АҚ директорлар кеңесінің және басқармасының хатшысы, «Казпромавтоматика» ЖШС директоры,«Otpan Logistic» ЖШС-ң директоры қызметінде болды.
ҚР самбо федерациясының вице-президенті Манарбек Бисекенов Алтай Борашевты жаңа қызметімен құттықтап, оған самбо федерациясының вице- президенті екенін растайтын құжатты табыстады.