
Бейнеу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымына Серік Есмағанбетов тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
С. Есмағанбетов 1978 жылы 8 тамызда Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары, 1997 жылы Маңғыстау политехникалық колледжін «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша, 2003 жылы М. Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникациялар академиясын «Кеден ісінің инженері» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте дене тәрбиесінің мұғалімі ретінде бастап, қазақша күрестен жаттықтырушы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде бөлімше бастығы қызметтерінде болған.
Мемлекеттік қызметке 2008 жылы қабылданып Өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша филиалында жетекші маман қызметін атқарған.
2014-2019 жылдары Тұрыш ауылының әкімі, 2020 жылдан бастап аудан әкімі аппаратының жалпы бөлім басшысы лауазымын атқарды.
2022 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудан әкімі аппаратының терроризмге қарсы іс-қимыл, жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келді.