Бейнеу ауданы әкімінің өкімімен Қанағат Батырбекұлы Назарханов Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қанағат Батырбекұлы 1989 жылы Бейнеу ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі - жоғары. Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша (2011 жыл) бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы «КІСОМ Security» ЖШС-де күзетші болып бастаған.
2011 жылы Бейнеу аудандық ішкі саясат бөліміне бас маман ретінде мемлекеттік қызметке қабылданған.
Мемлекеттік қызметте бас маманнан сектор меңгерушісі, құрылымдық бөлімше басшысы, бас инспектор, бөлім басшысы лауазымдарына жоғарылаған.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында қызмет етті.
2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Бейнеу аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келді.