Маңғыстау облысы – еліміз үшін елеулі, алар орны маңызды аймақтың бірі. Өңірдегі әлеуметтік мәселелер, қоғамдық пікір және Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы негізінде алға қойылған жобалардың қаншалықты дәрежеде орындалып жатқанын бақылап, түрлі кездесулер арқылы халықпен сұхбаттасу алаңын ұйымдастыру мақсатында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Маңғыстау облысына арнайы жұмыс сапарымен ат басын бұрды. Күн тәртібіндегі ең алғашқы міндет – халық қалаулыларының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында бағдар етіп қойылған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолында атқарылып жатқан қоғамдық істерге жұртшылықты кеңінен тартып қана қоймай, тереңдете түсіндіру. Денсаулық сақтау саласы мен «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының өкілдерімен өткен жиындардан соң Мәжіліс депутаттары «Мұнайтелеком» ЖШСда бастауыш партия ұйымдарының жұмысын талқылау негізінде кездесу өткізді. Шараға «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының өкілдері мен бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, жастар және аталмыш мекеменің қызметкерлері қатысты. Ең бастысы, биыл «Жастар жылынан» күтер үміт көп. Жастарға кең серпілуге мемлекет тарапынан зор мүмкіндіктер беріліп отыр. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова «7-20-25» бағдарламасының жастар үшін тиімділігін ерекше атап айтып берді. Облысымыздағы деректерге жүгінсек, аталған бағдарламамен баспана алғандардың 80 пайызға жуығы – енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасылар. Биылғы «Жастар жылы» жайында депутат Геннадий Шиповских сөз сөйлеп, жас мамандардың сұрақтарына жауап беріп, жастардың айтқан ұсыныстарын қабыл алды. - «Жастар жылын» жариялап, оларға түрлі бағытта мүмкіндіктер тудырып отырғанымыз – өскелең ұрпақтың жолын ашуға жасаған мемлекеттің үлкен қадамы. Аңдасаңыздар, дүниедегі адам таңданарлық нәрселердің көбін жасампаздар жастық шағында қалыптастырып үлгерген. Ерлік, өркениет дамуының өзінде жастық шақтың жалыны мен толассыз шабытының көрінісі жатыр. Өнертапқыш ға лымдардың жасап шыққан дүниелерін әлемдік нарыққа шығару, шығармашылық жастарға байқаулар ұсыну, жас кәсіпкерлерді қолдау, спорт кешендерін тұрғызу арқылы жас буынды ширақ болуға баулу, жұмыссыз жандарды қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру секілді сансыз игіліктердің бәрі – тек қана жастар үшін. Қабілетін уақытында көрсетіп, бұл мүмкіндіктерді пайдалана алған жастар келешек елдің тірегі бола алмақ, – деп жас мамандардың келешегі үшін қаншалықты жарқын сәттер тудыра алатынын депутат Геннадий Шиповских ерекше айтып өтті. Әлеуметтік мәселелер жайында Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл, Шавхат Өтемісов, Валихан Қайназаров сөз қозғады. Осы күні ортамызда саяқтанып бара жатқан ардагерлердің сарқыты әлі де баршылық. Соғысты жан баласының басына бермесін, десек те соғыста ерлік жасай білген жандарды қоғам болып демеп, қанаттандырса да артық емес. - Осы күні әр облыстағы ардагерлермен қашықтан болса да хабарласып, күрделі мәселелері болса, қолымыздан келгенше шешіп беруге тырысамыз. Ұрпаққа ерлікті дәріптеуге тиіспіз. Жаңа қадамдарды жасауда бабалардың ерлік үлгісі көпке демеу, – деп Бақытбек Смағұл ардагерлер мәселесіне әлеуметтік тұрғыдан назар салды. Халық қалаулылары аталған мәселелермен ғана шектеліп қалмайды. Қоғам арасындағы маңызды деген бағыттар бойынша Мәжіліс депутаттары көптеген аудандар мен қалаларды аралап, өз кезегінде жұртшылықпен кеңеспек.
Мадияр ТӨЛЕУОВ