Жуырда Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы алаңында ҚР мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссиясының жұмыс тобының мүшелері – техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық Департамент басшысының міндетін атқарушы Тілектес Атшыбаева мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ержан Күмісқалиев баспасөз мәжілісін өткізді.
ҚР мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында БАҚ өкілдерімен кездескен жұмыс тобы елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттары – мемлекеттік рәміздердің көлемі, түр-түсі, техникалық параметрлері бекітілген ұлттық стандарттарға енгізілген өзгерістермен таныстырып, өзекті сауалдарға жауап берді.
-Мемлекеттік Елтаңба «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Нысаны, өлшемдері және техникалық талаптары» ұлттық стандарты бойынша жасалынып, қолданылып келді,-деп атап өтті Тілектес Атшыбаева. -Алайда, аталмыш ұлттық стандартта көрсетілген талаптар мен сызбалар жеткіліксіз болғандықтан, Мемлекеттік Елтаңбаны дайындауда сәйкессіздіктер мен қателіктер кетіп жатты. Және Мемлекеттік Елтаңбаның техникалық параметрлерімен және оның түсінің орындалуын бақылауға қатысты кемшін тұстары анықталды. Сол себепті, аталған стандарт қайта қаралып, оған өзгерістер енгізілді. Көлемді мемлекеттік елтаңбаны дайындауға қойылатын техникалық талаптар, мемлекеттік елтаңба элементтерінің конструкторлық сызбалары қайта қаралды, реттік нөмірі көрсетілген қорғаныш голограммасы, өнімге қатысты деректеркөрсетілген тауарлық жапсырма салынды, 3 жылды құрайтын кепілді пайдалану мерзімі қосылды. Ал, Мемлекеттік Тудың ені, ұзындығы, матасы, түсі «ҚР Мемлекеттік Ту. Жалпы техникалық шарттары» ұлттық стандартына сәйкес болуы тиіс. Дайын тулар жарық әсеріне, оның ішінде жасанды жарықтандыру жағдайына, ауа райының, жуудың, құрғақ және ылғал үйкелістің, химиялық тазалаудың әсеріне төзімді болуы қажет.Тудың өңделген жиектері тегіс, жыртықсыз және көрінетін ақауларсыз болуы керек,-деді ол.
Оның сөзінше, ҚР Мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібіне және жаңа ұлттық стандарттарды түсіндіру бойынша есептік кезеңде 10 көшпелі семинар өткізілген.Сондай-ақ прокуратураның талабы бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілген.Бекітілген стандарттарға сәйкес ел рәміздері жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Алайда бір мемлекеттік мекемеде Мемлекеттік Туға байланысты қателіктер орын алған екен. Нәтижесінде, әкімшілік іс қозғалып, оған заңды тұлға ретінде 100 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ мәжіліс барысында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссиясының тексеру жұмыстары, «ҚР Мемлекеттік рәміздер туралы» заңы, ел құндылықтарын қолдану кезінде орын алған бұзушылықтар, «Гимн» деген сөздің орнына «Әнұран» деп ескіше жазылуыжәне тағы басқа түйткілді мәселелер қозғалды.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ