- Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы үзіліссіз алты сағаттан астам уақыт өтіп жатыр. Жиын сағат 10:00 кезінде басталған болатын.
Атап айтқанда, жасақталған комиссияның құрамына Парламенттің қос палатасының депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, агробизнес өкілдері, ғалымдар мен азаматтық белсенділер атынан барлығы 75 адам енді. Сондай-ақ комиссияда әр өңірден бір-бір өкілден бар.
Жиынның алдында Комиссия төрағасы Б. Сағынтаев аталған өзекті мәселені үзіліссөз өткізуге ұсынды. Комиссия мүшелері ұсынысты құптап, талқылауға кірісті.
Отырыс барысында комиссияның әрбір мүшесі кезекпен сөз алып, пікірлерімен бөлісуде. Қазіргі уақытта қатысушылардың басым бөлігі сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті қоғамдық жаңғырық туғызған Жер кодексінің бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін мораторий жариялады.
«Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек бұл дұрыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырған болатын.
ҚазАқпарат