Дзюдодан ҚР жастар құрамасының және Маңғыстау облысының ересектер құрамасының аға бапкері Айбек Имашев «4 ДАН» дәрежесін алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Айта кетейік, ДАН дәрежесі дзюдо шеберінің біліктілігі үшін беріледі. Сәйкесінше, ДАН дережесі дзюдошының жетістіктер деңгейін, шеберлігін, спортты дамыту ісіне қосқан үлесін растайды.
Айбек Имашев тек қана өңірдің емес, ел спортының өркендеуіне сүбелі үлес қосып, табандылықпен еңбек етіп жүрген жас бапкер.
Айбек Имашевтың mangystaumedia.kz тілшісіне берген сұхбатын көре отырыңыз:
Айбектің бұл жетістікке жетуі мені шын қуантады. Оның осы уақытқа дейін еліміздің дзюдо спортының дамуына қосқан үлесі зор. Ұлттық құрама қатарында аз уақыт ішінде дүбірлі додаларда басқаларға дес бермей, ел абыройын асқақтатқан еді. 4 ДАН – бұл үлкен дәреже. Шәкіртімнің еңбегі еленіп, бұндай атақты алып жатқаны мерейімізді өсіріп жатыр, - дейді Айбек Имашевтың ұстазы Әділ Бисенқұл.
Әділ Темірханұлы шәкірті Айбектің бүгінде Токио Олимпиадасына үміткер дзюдошыны дайындап жатқанын да тілге тиек етті.
Оқи отырыңыз: Маңғыстаулық дзюдошы 2020 жылы Олимпиада ойындарына үміткер
А. Имашев Қазақстан ұлттық құрамасында қысқа мерзім ішінде үздік нәтиже көрсетсе, бүгінде оның қос шәкірті ұлттық құрамада ізін жалғап келе жатыр. Сол дзюдошыларды ел құрамасында сақтап қалу үшін бапкерлердің тарапынан тердің есепсіз төгілетіні жасырын емес.
Маңғыстауда 4 ДАН дәрежесін тұңғыш Әділ Бисенқұл 2017 жылы алса, былтыр Манарбек Бисекенов алған еді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ